
1-желтоқсан Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күніне орай Жамбыл облыстық жұқтырылған иммун тапшылығы синдромының алдын алу және оныменкүрес жүргізу орталығы «АИТВ-ға қарсы күрестегі қиындықтардан – тиімді өзгерістерге» ұранымен Тараз қаласының студенттері арасында ауқымды челлендж ұйымдастырды.
Іс-шараның мақсаты – АИТВ-инфекциясының, жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың және басқа да аурулардың алдын алу мәдениетін қалыптастыру, жастардың ақпараттылығын арттыру, денсаулыққа жауапкершілікпен қарау көзқарасын дамыту, қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру және салауатты өмір салтын насихаттау.
Челлендж ерекше форматта басталды. Орталықтың дәрігерлері мен мамандары бірнеше көлікпен сап түзеп, еліміздің көк туын желбірете отырып, қала аумағындағы университеттер мен колледждерді аралады. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол полициясы қызметкерлерінің сүйемелдеуімен жүріп өтті.
Шараны ЖИТС орталығының эпидемиолог дәрігері И.Досымова ашып, қатысушыларды белсенділік танытуға шақырды. Челлендж ең алдымен Тараз теміржол көлік және коммуникация колледжінде бастау алып, студенттер эстафетаны Жамбыл жоғары медициналық колледжіне жолдады. Одан кейін Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің, Тараз сервис және технология колледжінің студенттері челленджді жалғастырып, басқа оқу орындарына жолдап отырды. Осылайша, жастар арасындағы челлендж қаланың бірнеше оқу орнында қарқынды түрде өрбіді.
Челлендж барысында орталықтың дәрігерлері мен психологтары АИТВ-ның алдын алу жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар жастар орталығы мен жастар денсаулық орталығының мамандары да қатысып, студенттерді салауатты өмір салтын ұстануға, аурулардың алдын алуға шақырды.