Жамбыл облыстық ЖИТС орталығының психологы Г.Шамурзаева Тараз қаласының білім бөлімінің №7 мектеп-гимназиясының оқушыларына АИТВ инфекциясының алдын алу туралы маңызды дәріс берді.
Дәрістің негізгі мақсаты – жоғары сынып оқушыларына АИТВ мәселесі жөнінде толыққанды ақпарат беру, олардың білім деңгейін арттыру және АИТВ инфекциясының таралуына қарсы дұрыс түсінік қалыптастыру. Іс-шара барысында оқушыларға АИТВ инфекциясынан қорғану жолдары, оның берілу жолдары мен алдын алу шаралары түсіндірілді. Сонымен қатар, «Стигма мен кемсітушілік» тақырыбына да назар аударылды, себебі бұл мәселелер АИТВ жұқтырған адамдарға қатысты жағымсыз көзқарастардың қалыптасуына себеп болады.
Іс-шараның тағы бір маңызды бөлімі – оқушыларға ақпараттық бүктемелер таратылып, АИТВ-ның алдын алу, оның берілу жолдары және дұрыс өмір сүру тәсілдері жайлы кеңестер ұсынылды. Дәріс оқушылардың санасына АИТВ-ға қатысты дұрыс көзқарас қалыптастыруға бағытталды.
Бұл іс-шара жастар арасында денсаулық сақтау мәселелеріне деген жауапкершілікті арттыру және АИТВ инфекциясының алдын алу бағытында маңызды қадам болып табылады.