Ағымдағы жылдың 30 сәуір күні Жамбыл облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының ұйымдастыруымен «Жамбыл облысындағы 2024 жылғы және 2025 жылдың 3 айындағы жүкті әйелдер мен жүкті әйелдердің жыныстық серіктестерін АИТВ-инфекциясына тексеру мен АИТВ-инфекциясының анадан балаға вертикальді жолмен берілуінің алдын алу жолдары» тақырыбында семинар өткізілді.
Семинардың негізгі мақсаты – өңірде АИТВ-инфекциясының таралуына жол бермеу, әсіресе оның анадан балаға вертикальді жолмен берілуін алдын алу шараларын жетілдіру. Бұл бағытта жүкті әйелдер мен олардың серіктестерін ерте кезеңде тексеріп, қажет жағдайда уақтылы медициналық көмек көрсету – ана мен баланың денсаулығын сақтаудың маңызды кепілі болып табылады.
Семинарға қалалық, аудандық емдеу алдын алу мекемелерінің әйелдер консультациясының меңгерушілері, ЖТД (ВОП) меңгерушілері, АИТВ-инфекциясына жауапты әйелдер консультациясы дәрігерлері мен бастапқы медициналық санитарлық көмек, перзентхана бөлімдерінің медициналық қызметкерлері қатысты.
Семинар жұмысын Жамбыл облыстық ЖИТС орталығының эпидемиологиялық және алдын алу бөлімінің м.а. меңгерушісі Г.Ахметова ашып, семинардың маңыздылығын түсіндірді. Келесі кезекте орталықтың эпидемиолог дәрігері Д.Абдраманова АИТВ-инфекциясының эпидемиологиялық ахуалы мен инфекцияның вертикальді жолмен берілу қаупі туралы айтып өтті. Инфекционист-дәрігер Г.Темірбекова АИТВ-мен өмір сүретін жүкті әйелдерге антиретровирустық терапияны тағайындау және жүргізу тәртібі туралы жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар, зертхана бөлімінің маманы Б.Жапанова АИТВ-инфекциясын ерте диагностикалау мен жүкті әйелдерге тестілеу жүргізу алгоритмдері жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Семинар барысында қатысушыларға АИТВ-инфекциясының ерте анықталуы, профилактикалық және емдік шаралар, босанғаннан кейінгі бақылау және ана мен балаға ұзақ мерзімді медициналық сүйемелдеу бойынша кешенді ақпарат ұсынылды. Сонымен қатар, нақты клиникалық жағдайлар негізінде тәжірибе алмасу, пікірлесу, сұрақ-жауап форматында өзекті мәселелерді талқылау ұйымдастырылды.