
Жыл сайын Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күні қарсаңында әлемнің барлық елдерінде, соның ішінде біздің республикамыздың өңірлерінде де ауқымды ақпараттық-ағартушылық және алдын алу іс-шаралары дәстүрлі түрде өткізіледі.Биылғы жылы науқан 10 қарашадан 10 желтоқсан аралығында «АИТВ-ға қарсы күрестегі қиындықтардан – тиімді өзгерістерге» ұранымен өтеді.
Науқан аясында Жамбыл облысында түрлі форматтағы кездесулер, форумдар, интерактивті кездесулер, тақырыптық дөңгелек үстелдер, сондай-ақ колледж студенттері арасында волейбол және футболдан облыстық турнирлер, дәрістер мен семинарлар ұйымдастырылатын болады. Мұндай іс-шаралар жастардың белсенділігін арттыруға, АИТВ инфекциясының алдын алу мәдениетін қалыптастыруға және салауатты өмір салтына бейілділікті дамытуға ықпал етеді.
Науқанның негізгі мақсаты – АИТВ-инфекциясының, ЖЖБИ мен басқа да аурулардың алдын алу мәдениетін қалыптастыру, халықтың хабардар болу деңгейін арттыру, денсаулыққа жауапкершілікпен қарау көзқарасын дамыту, қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру және салауатты өмір салтын насихаттау.
Жамбыл облысында науқанның ресми ашылуы 10 қараша күні облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының конференц-залында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен басталды. Іс-шара барысында өңірлік телеарналар мен БАҚ өкілдері, өздерін қызықтырған сұрақтарға толыққанды жауап алды.
Конференция барысында Жамбыл облыстық ЖИТС-тің алдын алу және онымен күрес орталығының бас дәрігердің ұйымдастыру-әдістемелік және эпидемияға қарсы жұмыс жөніндегі орынбасары Г.Калметова орталықтың қызметі, өңірдегі АИТВ-инфекциясының эпидемиологиялық ахуалы, қол жеткізілген нәтижелер және алдағы жоспарлар туралы ақпарат ұсынды. Сондай-ақ орталықтың ұйымдастыру-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі О.Абдикеримова және мобильді тобының эпидемилог дәрігері С.Дулатбаева АИТВ мен жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың алдын алу, жасөспірімдердің психикалық және репродуктивтік денсаулығын сақтау, сондай-ақ жеке жауапкершілікті қалыптастыру мәселелері бойынша тәжірибелерімен бөлісті.
Бүгінде Жамбыл облысындағы АИТВ-инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты бақылауда. Қазіргі заманғы емдеу әдістері науқастардың өмір сүру сапасын жақсартуға және инфекцияның одан әрі таралу қаупін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді. Орталық мамандары жыл бойы халықтың АИТВ туралы хабардарлығын арттыруға, ерте тестілеу идеяларын ілгерілетуге, сондай-ақ АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға қатысты стигма мен кемсітушілікті алдын алуға бағытталған ақпараттық-ағартушылық және алдын алу іс-шараларын жүйелі түрде өткізіп келеді.









