2019 жылдың 1 наурызында Жамбыл облыстық онкологиялық диспансерінің мәжіліс залында Жамбыл облыстық ЖИТС мамандары эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің меңгерушісі Калметова Г.А., эпидемиолог-дәрігер Ахметова Г.Т., емдеу-алдын алу бөлімінің меңгерушісі Ниязалиева Ф.А., ИФТ-зертхана меңгерушісі Каримова В.М. диспансер медицина қызметкерлеріне арнап семинар өткізді. Семинардың мақсаты – қатысушыларды АИТВ жұқпасының Қазақстан Республикасында және Жамбыл облысында таралу деңгейімен, АИТВ жұқпасы бойынша жаңа нормативтік базасымен, АИТВ жұқпасына бейім контингенттерді тестілеу ережелерімен және кәсіптік жұқпалардың алдын алу әрекеттерімен таныстырды.
Эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің меңгерушісі Қалметова Г.А. 2018 жылы Қазақстан Республикасында және Жамбыл облысындағы АИТВ індетін жұқтырудың эпидемиологиялық жағдайымен таныстырды. ҚР ДС және ӘД министрлігінің 2015 жылғы 23 маусымның №508 «Клиникалық және эпидемиологиялық көрсеткіштері бойынша АИТВ тексеру үшін міндетті құпия медициналық сараптама ережесін бекіту туралы » бұйрығына сәйкес науқастарды тексеруге толығырақ тоқталды. Жоғары қауіпті топ медицина қызметкерлері арасында АИТВ жұқпасына еселігі бойынша тексеруге енгізілген өзгерістер туралы айтылды.
АИТВ, ВГС, ВГВ індетінің қаупімен байланысты төтенше жағдайлар модельдерін қарауға, сондай-ақ медицина қызметкерлерін жұқтыру қаупін бағалауға ерекше көңіл бөлінді. Кәсіптік АИТВ жұқпасын болдырмау үшін, байланыстан кейінгі алдын алу, жазатайым оқиғалар болған жағдайда жарақаттарды журналда тіркеу, кейіннен облыстық ЖИТС орталығының мамандарының кеңесін алуға тыңдаушылардың назары аударылды.