Қазақстан Республикасы, Тараз
Төле би даңғылы, 64г (картада)
aidstaraz@med.mail.kz
Қабылдау бөлмесі: +7 (7262) 45-65-32
Сенім телефоны: +7 (7262) 45-65-32
call center: +7 (7262) 45-65-32

Мейірімді жан – мейірбике

Жыл сайын мамыр айының 12 жұлдызында халықаралық мейірбикелер күні аталып өтеді. Бұл күні көпшілік ақ халатты абзал жандарға құрмет көрсетіп, олардың еселі еңбектеріне алғыс білдіреді. Науқасқа дәрігердің нұсқауымен тексерілу үшін жолдама жазып беретін, өткізген сараптамаларға талдау жасайтын, екпесін салатын, қан қысымын да өлшей алатын сезімтал да сергек жанды мейірбикелердің аз кездеспейтінін ойға алғанда іштей қуанып қоясың. Осындай жанашыр жандардың бір өкілі – бүгінде Жамбыл облыстық ЖИТС-жұқтырылған иммун тапшылғы синдромының алдын алу және онымен күрес жүргізу орталығының алдын алу бөлімінің мейірбикесі болып 20 жыл еңбек етіп жүрген ақ желеңді жан Айнур Изтилеуова.
Емделушілері «мейірімді мейірбике» атап кеткен Айнур 1999-2002 жылдар аралығында Жамбыл медициналық колледжін «Мейірбике ісі» мамандығы бойынша бітірген.
Өз мамандығының бір ерекшелігі алдымен қамқорлықтан басталатынын, оның адам денсаулығы үшін қаншалықты қажеттігін терең түсінетіндіктен бе, күнделікті қайталанып отыратын осы бір істен әсте шаршап та, жалығып та көрген емес ол. Соңғы екі жыл аралығында мейірбикелермен жиі жолығып, олардың жұмысының күрделі екеніне куә болуға тура келгесін де Айнурдың алдына келген науқастарға қамқорлықпен, жанашырлықпен қарайтынының талай куәсі болғаным рас. Науқастанған үлкен-кішінің ойын іштей оқып, жағдайын көңіліне тоқып үйренген мейірбике бірін әкесіндей, бірін анасындай, болмаса аға, әпке, іні, сіңлісіндей жақын тарта жанашыр қалып танытып жататыны сүйсінтеді.

– Шындығы керек, қайсыбір науқастар дәрігердің белгілеген емін уақтылы алмай, дәрісін кезінде ішпей қалып жататыны бар. Сондайда ұрсып та алатынымды жасырмаймын, – дейді қашан көрсең де жымия күліп жүретін мейірбике.
Сонымен қатар, қанынан АИТВ инфекциясы табылғанын алғаш рет естіген адам көбіне қатты қобалжып, күйзеліске түседі дейді маман. Мұндай жағдайда адам өзін қалыпқа келтіріп толыққанды өмір сүруін жалғастыру үшін бойында жанашырлық пен мейірімділік қасиеттері бар мейірбикенің көмегі қажет.
Басты міндет – АИТВ вирусы таралуының алдын-алуен қатар оны жұқтырған науқастарды қоғамдық ортадан бөлектемей, қалыпты өмір сүруге бағыттау. Сондықтанда науқастардың өмірге құлшынысын арттырып, позитивті өмір салтын қалыптастыруда ертелі-кеш ерінбей еңбек етудеміз деп ағынан жарылды маман.
Мейірбикелердің әр еңбегін бағалап отыру, оларға деген құрметімізді көрсетеді. Барлық жаны таза ақ желеңді мейірбикелерді шын көңілден келе жатқан төл мерекелерімен құттықтаймыз.