Қазақстан Республикасы, Тараз
Төле би даңғылы, 64г (картада)
aidstaraz@med.mail.kz
Қабылдау бөлмесі: +7 (7262) 45-65-32
Сенім телефоны: +7 (7262) 45-65-32
call center: +7 (7262) 45-65-32

Қыздар арасында волейболдан облыстық турнир өтті

Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күніне орай Тараз қаласының «Құмшағал» тұрғын алқабындағы дене шынықтыру кешенінде «АИТВ-ға қарсы күрестегі қиындықтардан – тиімді өзгерістерге» ұранымен қыздар арасында волейболдан облыстық ашық турнир ұйымдастырылды.

Іс-шараның мақсаты – жастар арасында АИТВ-инфекциясы, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар (ЖЖБИ) және басқа да жұқпалы аурулардың алдын алу мәдениетін қалыптастыру, қоғамның ақпараттану деңгейін көтеру, денсаулыққа жауапты көзқарасты дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау. Сонымен қатар, турнир жастардың спортқа қызығушылығын арттыруға және бұқаралық спортты дамытуға бағытталды.

Іс-шара қатысушылардың жауапты мінез-құлқын қалыптастыруға, медициналық қызметкерлерге деген сенімін арттыруға және белсенді өмір салтына деген қызығушылығын ынталандыруға ықпал етті.

Турнир Тараз қаласы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен, Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы, Жамбыл облыстық ЖИТС орталығы және «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің қолдауымен өтті.

Жарысқа облыстың әртүрлі колледждерінен келген студент қыздардан құралған 6 команда қатысты. Әр команда 8 ойыншыдан құралып, ойындар халықаралық стандарттарға сәйкес өткізілді. Турнир барысында қатысушылар арасында спорттық рух пен өзара ынтымақтастық қалыптасты.

Жеңімпаздар: І орын – «Парасат» жоғары колледжі; ІІ орын – Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжі; ІІІ орын – Тараз сервис және технология колледжі.

Жүлделі орын алған командалар арнайы кубоктармен, медальдармен, дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Облыстық турнир жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, қоғамда АИТВ инфекциясының алдын алу мәдениетін қалыптастыруға және салауатты өмір салтын насихаттауға ерекше үлес қосты.