Жамбыл облыстық жұқтырылған иммун тапшылығы синдромының алдын алу және онымен күрес жүргізу орталығының мәжіліс залында орталық қызметкерлерінің қатысуымен маңызды жиын өтті.
Басқосу барысында орталықтың бас дәрігері Б.Қыдырбаев ұжымға Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы жөнінде кеңінен ақпарат беріп, алдағы 15 наурыз күні өтетін республикалық референдумның маңыздылығына тоқталды.
Жиын барысында Бағлан Жарылқасынұлы Конституция – мемлекеттің негізгі заңы, елдің саяси, әлеуметтік және құқықтық даму бағытын айқындайтын басты құжат екенін атап өтті. Ол өз сөзінде референдум – әрбір адамның азаматтық ұстанымын білдіретін маңызды саяси науқан екенін жеткізді.
Сонымен қатар, орталық қызметкерлеріне 15 наурыз күні өтетін жалпыхалықтық дауыс беруге белсенді түрде қатысып, өз таңдауларын жасауға шақырды. «Ел тағдырына қатысты маңызды шешімдер қабылданатын сәтте әрқайсымыздың дауысымыз маңызды. Сондықтан барлығымыз бір кісідей атсалысуымыз қажет», – деді бас дәрігер.
Жиын соңында орталық ұжымы алдағы референдумға белсенді қатысуға дайын екендіктерін жеткізді.
Референдум – әр азаматтың таңдауы