
Жамбыл облыстық ЖИТС-тің алдын алу және онымен күрес жүргізу орталығының мобильді тобы «Тараз-Арена» спорт кешенінің конференц залында мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубының жаттықтырушылары мен спортшыларына «АИТВ-ға қарсы күрестегі қиындықтардан – тиімді өзгерістерге» ұранымен ақпараттық дәріс өткізді.
Іс-шараның мақсаты — АИТВ-инфекциясы, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар (ЖЖБИ) және басқа да жұқпалы аурулардың алдын алу мәдениетін қалыптастыру, қоғамның ақпараттану деңгейін арттыру, денсаулыққа жауапты көзқарасты насихаттау және қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын дамыту.
Дәріс барысында эпидемиолог дәрігер С. Дулатбаева мен психолог М. Бегманова қатысушыларға АИТВ-ның таралу жолдары, алдын алу тәсілдері, қазіргі емдеу мүмкіндіктері және антиретровирустық терапияның тиімділігі туралы толыққанды мәлімет берді. Сондай-ақ, АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға толерантты көзқарастың маңыздылығы ерекше атап өтілді.
Қатысушылар мамандарға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, кәсіби жауаптар алды.
Іс-шара соңында әр адамға өз денсаулығына жауапкершілікпен қараудың маңыздылығы жөнінде маңызды кеңестер ұсынылды.