Орталықта АИТВ – инфекциясын диагностикалаудың бірнеше түрі бар. Олар жедел-тестілеу және иммуноферменттік талдау әдісімен жүзеге асырылады. Жедел тестілеу әдісі халықтың негізгі топтары үшін, яғни қауіпті мінез-құлқы бар адамдар үшін. Жалпы халық үшін иммуноферментті тестілеу әдісі қолданылады.
АИТВ-инфекциясы анықталған кезде пациент диспансерлік есепке алынып, вирустық жүктемеге, иммундық статусқа, клиникалық, В және С вирустық гепатиттеріне және жыныстық жолмен берілетін ауруларына тексеруден өтеді. Динамикалық бақылауға алынған науқастар антиретровирустық препараттармен емделеді. Барлық медициналық қызметтер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде көрсетіледі.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған барлық дәрілік препараттар тексеруден өткен жоғары сапалы. Антиретровирустық емдеудің арқасында науқастардың өмір сүру сапасы жақсарып, өмірі ұзарады. Мысалы, біздің Жамбыл облысында ең ұзақ есепте тұрған, 2001 жылы анықталған науқастар, алған емнің арқасында толыққанды өмір сүріп жатыр. Ал, АИТВ жұқтырған адамның орташа өмір сүру ұзақтығы ем қабылдамаған жағдайда 5-7 жылды құрайды.
Сонымен қатар, орталықта АИТВ жұқтырған анадан балаға инфекция қоздырғышының берілуінің алдын алу жұмыстары жүргізіледі. Жүктілік кезінде АИТВ-инфекциясы бар әйелдер антиретровирустық препараттарды қабылдайды және дәрігердің барлық ұсыныстарын орындаған жағдайда сау бала дүниеге келеді. Соңғы жылдары антиретровирустық терапияның арқасында анадан балаға АИТВ-инфекциясының берілу жағдайлары анықталмаған.