Ағымдағы жылдың 14 мамыр күні Жамбыл облысының өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында репродуктивтік денсаулық апталығы аясында «Жамбыл облысы бойынша АИТВ-инфекциясының 2025 жылдың алғашқы 4 айындағы эпидемиологиялық жағдайы» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Конференция тікелей эфирде көрсетіліп, облыс тұрғындары мен БАҚ өкілдеріне қолжетімді болды.
Баспасөз конференциясының спикері – Жамбыл облыстық ЖИТС-тің алдын алу және онымен күрес жүргізу орталығының бас дәрігері Қыдырбаев Бағлан Жарылқасынұлы өңірдегі АИТВ-инфекциясының қазіргі ахуалына тоқталып, 2025 жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығындағы эпидемиологиялық мәліметтерді ұсынды. Ол АИТВ-мен өмір сүріп жатқан адамдардың статистикасын, жұқтыру жолдары, жыныстық, инъекциялық және АИТВ-ның вертикальді берілуі жағдайлары бойынша талдау жасап, алдын алу мен ерте анықтаудың маңыздылығына ерекше тоқталды.
Сонымен қатар баспасөз конференциясында орталықтың мобильді топ жетекшісі, эпидемиолог дәрігер С.Дулатбаева сөз алып, республика көлемінде өткізіліп жатқан репродуктивтік денсаулық апталығы аясында Жамбыл облысында атқарылып жатқан алдын алу шаралары, тұрғындар арасында жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстары туралы баяндады. Ол жастар арасында ақпараттандыру деңгейін арттыру, қауіпсіз мінез-құлықты қалыптастыру және АИТВ инфекциясының алдын алу мақсатында жоғарғы оқу орындары мен білім беру мекемелерінде өткізілген кездесулер,тренингтер туралы да мәлімет берді.
Тікелей эфир барысында көрермендер тарапынан маңызды сауалдар қойылып, мамандар тарапынан нақты әрі жан-жақты жауаптар берілді. Көтерілген мәселелер қатарында АИТВ-ны анықтау жолдары, емдеу мүмкіндіктері, тегін медициналық көмек көлемі секілді тақырыптар болды.
Шара соңында мамандар қоғамның АИТВ инфекциясына деген көзқарасын өзгерту, ақпараттық сауаттылықты арттыру және әрбір азаматтың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауының маңыздылығын атап өтті.