Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күні қарсаңында Достық үйінде «Адам құқықтары жолында дұрыс жолды таңдаңыз» тақырыбында қала тұрғындары мен студенттерге арналған акция өтті.
Аталған шараны Жамбыл облыстық жұқтырылған иммун тапшылығы синдромының алдын алу және онымен күрес жүргізу орталығы, «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі, №2 қалалық емхана жанынан ашылған облыстық «Жан-Нұр» жастар денсаулық орталығы және облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесі бірлесіп ұйымдастырды.
Акция барысында облыстық ЖИТС орталығының эпидемиолог дәрігері Индира Досымова АИТВ-инфекциясы және алдын алу шаралары туралы айтып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Сонымен қатар, мамандар осындай акциялардың халықтың сауатын арттыру үшін маңызды екенін атап өтті.
Шарада өзінің АИТВ статусын білуге ниет білдіргендер жедел тестілеуден өтті. Студенттер жедел тестілеуді экспресс әдісімен тапсыруға мүмкіндік алды.
Іс-шара барысында ЖИТС орталығының қызметкерлері ұйымдастырған флешмоб тамашаланды.