Жуалы аудандық орталық ауруханасында АИТВ/ЖИТС инфекциясының алдын алу, эпидемиологиялық жағдай және кәсіби қауіпсіздік мәселелеріне арналған ақпараттық семинар ұйымдастырылды.
Семинарға медициналық мекеме қызметкерлері қатысты. Іс-шараны Жамбыл облыстық ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жүргізу орталығының эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің эпидемиолог-дәрігері А.Т. Сагадиева және емдеу алдын алу бөлімінің инфекционист-дәрігері С.Токбураева жүргізді.
Семинардың негізгі мақсаты – қатысушыларды Қазақстан Республикасы мен Жамбыл облысындағы АИТВ инфекциясының таралу деңгейімен, жаңа нормативтік-құқықтық актілермен, соның ішінде ВИЧ инфекциясына міндетті құпия медициналық тексеру ережелерімен таныстыру. Сонымен қатар, ВИЧ инфекциясының алдын алу, кәсіби жұқтырудан қорғану, төтенше жағдайларда әрекет ету, доконтакт және постконтакт профилактикасының маңыздылығы түсіндірілді.
Семинар барысында қатысушылар АИТВ инфекциясының алдын алу бойынша өзекті мәліметтер алып, кәсіби қызмет барысында қауіпсіздікті сақтау жолдарын нақты түсінді. Қатысушылар өз сауалдарын қойып, маман тарапынан жан-жақты жауап алды.