Шайқорық отбасылық денсаулық орталығында «Эпидемиологиялық жағдай және АИТВ/ЖИТС-тің алдын алу» тақырыбында семинар өтті. Іс-шарада Жамбыл облыстық ЖИТС-тің алдын алу және онымен күрес жүргізу орталығының эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің дәрігер-эпидемиологы Д.Абдраманова түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Семинардың мақсаты – қатысушыларды Қазақстан Республикасы мен Жамбыл облысындағы АИТВ инфекцияның таралу деңгейімен, АИТВ инфекциясына қатысты жаңа нормативтік-құқықтық актілермен, халықты скринингтік тексерумен және аурудың алдын алу шараларымен таныстыру.
Семинар барысында Дүйсенкуль Ескермесовна баяндама жасап, АИТВ инфекциясының қазіргі ахуалына, оның таралу себептері мен сақтану жолдарына тоқталды.
Іс-шара қатысушылар тарапынан үлкен қызығушылық тудырып, АИТВ инфекциясының алдын алу, ерте анықтау және әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша көптеген өзекті сұрақтар қойылды. Семинар соңында қатысушыларға ақпараттық-білім беру материалдары таратылды.