
24 қараша күні Жамбыл облысындағы “Dr. Watson English Pub” ағылшын мейрамханасында дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күніне орай ерекше іс-шара – ВИЧеринка ұйымдастырылды. Бұл шара Жамбыл облыстық ЖИТС орталығы мен облыстық жастар орталығының бірлескен ұйымдастыруымен өтті. Мақсат – АИТВ-инфекциясының, ЖЖБИ мен басқа да аурулардың алдын алу мәдениетін қалыптастыру, халықтың хабардар болу деңгейін арттыру, денсаулыққа жауапкершілікпен қарау көзқарасын дамыту, қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру және салауатты өмір салтын насихаттау.
ВИЧеринка басталуының алдында Жамбыл облыстық ЖИТС орталығының эпидемиолог дәрігері И. Досымова мейрамхана қонақтары мен ойынға қатысушыларға сәттілік тілеп, іс-шараның қызықты әрі пайдалы өтуін тіледі. Индира Мумархановна АИТВ туралы маңызды ақпараттарды жастар арасында тарату қажеттігін атап өтті және жастардың белсенді қатысуы шараның маңыздылығын арттыратынын айтты.
ВИЧеринкаға Жамбыл облысының әртүрлі мекемелерінен жастар қатысты. Сондай-ақ, ЖИТС орталығының жастары да арнайы команда құрып, шараға белсене атсалысты. Іс-шара барысында қатысушылар ойындарға қатысып, АИТВ туралы ақпаратты көңілді және шығармашылық түрде меңгерді. Командалар бір-бірімен жарысып, әртүрлі тапсырмаларды орындап, жеңімпаздар анықталды.
ВИЧеринка соңында белсенді қатысушыларға түрлі сыйлықтар мен сертификаттар табысталды. Бұл марапаттар жастардың шараға қосқан үлесі мен АИТВ тақырыбындағы білім деңгейінің жоғары екенін атап өту үшін берілді. Шара қатысушылары осылайша тек көңілді уақыт өткізіп қана қоймай, маңызды ақпараттарды да меңгерді.