
Жамбыл облыстық ЖИТС орталығы мәжіліс залында АИТВ-инфекциясының алдын алу және оның таралуын төмендету мақсатында облыстық, қалалық және аудандық емдеу-алдын алу ұйымдарының ЖИТС-қа жауапты медициналық қызметкерлері мен профилактикалық бөлім мамандарының қатысуымен ауқымды семинар-кеңес өтті.
Семинар-кеңесті Жамбыл облыстық ЖИТС орталығы бас дәрігерінің орынбасары Г.Калметова ашып, жиынның негізгі мақсаты мен маңыздылығына тоқталды. Ол өз сөзінде денсаулық сақтау саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында АИТВ-инфекциясының алдын алу, ерте анықтау және халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар семинар бағдарламасы таныстырылып, күн тәртібіндегі өзекті мәселелер айқындалды.
Эпидемиологиялық профилактикалық қадағалау бөлімінің меңгерушісі Г.Ахметова Қазақстан Республикасы мен Жамбыл облысы бойынша АИТВ-инфекциясының эпидемиологиялық жағдайына жан-жақты талдау жасады. Баяндама барысында республика және өңір көлемінде тіркелген жағдайлар, аурудың таралу динамикасы, негізгі тәуекел топтары және инфекцияның берілу жолдары туралы нақты деректер ұсынылды. Сонымен қатар, АИТВ-инфекциясының негізгі берілу жолдарына қорғалмаған жыныстық қатынас, қан арқылы (инъекциялық есірткі қолдану, стерильді емес медициналық және өзге де құралдар), сондай-ақ анадан балаға жүктілік, босану немесе емізу кезеңінде берілуі жататынын түсіндірді. Ерте диагностика мен тұрақты скрининг жүргізудің маңыздылығы ерекше атап өтілді.
Эпидемиолог дәрігер И.Досымова облыстық, қалалық және аудандық емдеу-алдын алу ұйымдарының жауапты мамандарына ай сайынғы есептілікті уақытылы әрі сапалы түрде тапсыру қажеттігін ескертті. Сонымен қатар 2026 жылға арналған профилактикалық іс-шаралар жоспары таныстырылып, әр медициналық ұйымға нақты міндеттер жүктелді. Барлық жоспарланған шаралардың орындалуы тұрақты бақылауда болатыны айтылды.
АИТВ-инфекциясын эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің эпидемиолог дәрігері А.Иргебаева жастар арасында жүргізілетін алдын алу жұмыстарының қағидаларына тоқталды. Атап айтқанда: Жастар денсаулық орталықтарында скрининг жүргізу; Салауатты өмір салтын қалыптастыру кабинеттерінің қызметін жандандыру; Экспресс-тестілеу кабинеттерінің жұмысын күшейту; Әйелдер мен ерлерге арналған қарау кабинеттерінде кеңес беру; Отбасын жоспарлау кабинеттері арқылы ақпараттық қолдау көрсету.
Сонымен қатар клиникалық көрсеткіштер бойынша балалар мен жасөспірімдерге АИТВ-инфекциясына міндетті құпия медициналық тексеру жүргізу тәртібі түсіндіріліп, құпиялылық қағидаларын сақтау медициналық қызметкерлердің кәсіби міндеті екені ерекше айтылды.
Психолог маман М.Бегманова ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігіне тоқталды. Оның айтуынша, халықтың, әсіресе жастардың АИТВ туралы білім деңгейін арттыру, стигма мен кемсітушіліктің алдын алу, қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру – алдын алу шараларының маңызды бөлігі. Бұл бағытта білім беру ұйымдарымен, жастармен тығыз жұмыс жүргізу қажет екені атап өтілді.
Семинардың практикалық бөлімінде ИФТ-зертханасының меңгерушісінің міндетін атқарушы А.Малимов медициналық қызметкерлерге қан құрамындағы p24 вирустық антигенін және АИТВ-ның 1 және 2 типтерін (IV ұрпақ) анықтауға арналған экспресс-тестілеу жүргізу алгоритмін түсіндірді.
Қатысушыларға тестілеу алдындағы және кейінгі кеңес беру тәртібі, биологиялық материалды алу ережелері, нәтижелерді дұрыс интерпретациялау, қауіпсіздік техникасын сақтау және оң нәтиже анықталған жағдайда әрекет ету алгоритмі бойынша практикалық түсіндірме берілді. Оқыту барысында мамандар өз дағдыларын жетілдіріп, тәжірибелік сұрақтарға жауап алды.