
Кейбір жандар өз жолын бала күнінен айқындайды. Қолына ойыншық емес, «дәрігерлік сөмке» ұстап өскен қыздың арманы – адам жанына араша болу еді. Облыстық Жамбыл облыстық жұқтырылған иммун тапшылығы синдромының алдын алу және онымен күрес жүргізу орталығының АИТВ жұқтырғандар мен ЖИТС-пен ауыратындарға емдеу- алдын алу көмек көрсету бөлімінің меңгерушісі Ниязалиева Фируза Асқарқызы да сол арманға адал болып өскен жан.
Медициналық училищені тәмамдаған соң, 1993 жылы Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина Академиясының «Емдеу ісі» мамандығына оқуға түсіп, кәсіби білімін шыңдады. Еңбек жолын Шымкент қалалық тері-венерологиялық диспансерінде бастап, кейін тағдыр оны Тараз қаласына алып келді. Апасының ақыл-кеңесімен облыстық ЖИТС орталығына қызметке орналасуы – кәсіби өміріндегі жаңа белес болды. Себебі бұл сала – ізденісті, терең білімді, үлкен жүректі талап ететін, жауапкершілігі жоғары бағыт еді.
– Бұл 23 жыл бұрын басталған жол, – дейді Фируза Асқарқызы. – Осы уақыт ішінде таңдауыма бір сәт те өкінген емеспін. Алғашында науқастар саны аз, емдеуге мүмкіндіктер шектеулі болатын. Қазір жағдай өзгерді. Біздің бақылауымызда облыс бойынша 1100-ден астам адам бар. Олардың арасында мұғалімдер, дәрігерлер, медбикелер, заңгерлер т.б мамандық қызметкерлері бар. Бұл дегеніміз – АИТВ жұқпасы ешкімді таңдамайтынын дәлелдейді.
Дәрігер үшін ең ауыр сәт – диагнозды хабарлау.
– Әр адам бұл хабарды әрқалай қабылдайды. Бұл – тағдырға түскен ауыр салмақ, – дейді Фируза Асқарқызы. – Әсіресе, баласына АИТВ жұққанын естіген ата-анаға сөз табу қиын. Кейде бірнеше жыл бойы сенім мен сабыр арқылы ғана нәтижеге жетеміз. Бірақ үміт үзбейміз. Кеше бас тартқан науқас бүгін сеніммен келіп, емін бастаса – бұл біздің еңбегіміздің жемісі.
Бөлімде ұзақ жылдық тәжірибесі бар білікті мамандар еңбек етеді. Инфекционист дәрігерлері – Байдаулетова Гулнар Тортаевна, Сметова Кулмира Есмуратовна, Темирбекова Гулмира Куандыковна, Токбураева Сауле Дастановна және психолог маманы Бер Эльвира Яковлевна – әр науқаспен тіл табысып, кәсіби әрі жанашырлықпен қызмет көрсетеді. Әрқайсысы өз ісін білетін, әр науқасқа үміт сыйлайтын маман.
Бүгінде емдеу – алдын алу бөлімінің жұмысы тек ауруды анықтау немесе дәрі тағайындаумен шектелмейді. Бұл – әр науқастың өмір сапасын жақсартуға бағытталған кешенді қызмет. Мамандар АИТВ-мен өмір сүретін адамдарды тұрақты диспансерлік бақылауға алып, антиретровирустық терапияны уақтылы тағайындап, емнің тиімділігін үздіксіз қадағалайды.
Сонымен қатар, психологиялық және әлеуметтік қолдау да маңызды орын алады. Себебі, АИТВ жұқпасы адамның ішкі күйзелісі мен қоғамдағы орнына әсер етеді. Сондықтан әр науқасқа жеке көзқарас, құпиялылық қағидаты қатаң сақталуы керек. Сенім бар жерде нәтиже де бар.
Жүкті әйелдермен жүргізілетін профилактикалық шаралар, жасөспірімдерге кеңес беру, аурудың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары – емдеу алдын алу бөлімнің негізгі бағыттары. 2025 жылы Жамбыл облысында АИТВ-мен өмір сүретін аналардан 14 босану тіркеліп, 15 (біреуі егіз) сәби дүниеге келді. Алдын алу шаралардың толық жүргізілуінің арқасында бірде-бір балада АИТВ анықталған жоқ. Бұл – жүйелі еңбек пен дұрыс емнің нақты нәтижесі.
Емдеу бөлімінің жұмысы – үнсіз ерлік. Күн сайынғы сабыр мен мейірімнің арқасында жүздеген адам қалыпты өмір сүруге мүмкіндік алып отыр. Әр басталған ем – болашаққа үміт, әр сақталған денсаулық – үлкен жетістік.
Фируза Ниязалиеваның өмірі – тек қызметпен шектелмейді. Ол – бойына мейірім мен ізгілікті жинаған ибалы келін, ардақты жар, аяулы ана.
– Дәрігер болу – жай ғана мамандық емес, – дейді Фируза Аскарқызы. – Бұл – үлкен жауапкершілік пен адалдықты талап ететін өте маңызды мамандық. Жүрекпен таңдаған мамандық – тағдырмен үндеседі. Ал адамға үміт сыйлау – дәрігердің ең асыл бақыты.