
12-13 мамыр күндері Жамбыл облыстық жұқтырылған иммун тапшылығы синдромының алдын алу және онымен күрес жүргізу орталығының инфекционист дәрігері К. Сметова мен эпидемиолог дәрігері Қ. Аушенова Сарысу аудандық орталық ауруханасында мониторингтік кездесу өткізді.
Іс-шара барысында медицина қызметкерлеріне арналған семинар, акушерлік сағат және дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Кездесу барысында АИТВ инфекциясының алдын алу, ерте анықтау және кәсіби жұқтырудың алдын алу шаралары кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар, экспресс-тест жүргізу тәртібі, оның тиімділігі мен маңыздылығы туралы жан-жақты ақпарат берілді.
Мамандар медицина қызметкерлеріне авариялық жағдайлар кезінде әрекет ету алгоритмдерін, қан және басқа да биологиялық сұйықтықтармен жанасу кезіндегі қауіпсіздік шараларын түсіндірді. Сондай-ақ АИТВ инфекциясына қатысты нормативтік-құқықтық құжаттар мен клиникалық көрсеткіштер бойынша тексеру мәселелері талқыланды.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар өзара пікір алмасып, тәжірибелік сұрақтарын қойды. Мамандар тарапынан қойылған сұрақтарға толық әрі түсінікті жауаптар беріліп, әдістемелік көмек көрсетілді. Кездесу медицина қызметкерлерінің АИТВ инфекциясының алдын алу бағытындағы білімін арттыруға және тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге ықпал етті.