
Жастар мен жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, психикалық және репродуктивтік денсаулықты сақтау, сондай-ақ АИТВ инфекциясының алдын алу бағытында ақпараттық-түсіндіру семинары ұйымдастырылды.
Іс-шараға емхана Тараз қаласында орналасқан орта мектептер мен колледждердің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, жастармен жұмыс істейтін мамандар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Семинарды «JANUIA Medical Center» және «Жігер» жастар денсаулық орталығы ұйымдастырды.
Семинар барысында АИТВ инфекциясының алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылды.
Жамбыл облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу және оған қарсы күрес орталығының дәрігер-эпидемиологы Н. Бердіш жастар арасында АИТВ инфекциясының алдын алуға қатысты кең көлемде ақпарат берді.
Маман өз баяндамасында облыстағы АИТВ инфекциясының қазіргі эпидемиологиялық жағдайына, инфекцияның таралу ерекшеліктеріне және жастар арасында алдын алу шараларын күшейтудің маңыздылығына тоқталды.
Сонымен қатар Н. Беріктемірқызы жастармен профилактикалық жұмысты жүйелі түрде жүргізудің қажеттілігіне тоқталып, білім беру ұйымдары, жастар денсаулық орталықтары, медициналық ұйымдар және ата-аналар арасындағы өзара байланысты күшейту маңызды екенін атап өтті.
Семинар барысында жастар арасында кездесетін өзекті мәселелер, олардың алдын алу жолдары, жастардың мүмкіндіктері және психикалық денсаулықты қорғау тақырыптары бойынша да мамандар өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Іс-шара соңында қатысушылар мамандарға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, АИТВ инфекциясының алдын алу және жастар денсаулығын қорғауға қатысты нақты жауаптар алды.
Жастардың денсаулығын қорғау — ортақ міндет. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізу жастардың денсаулыққа деген жауапкершілігін арттырып, АИТВ инфекциясының алдын алуға ықпал етеді.