
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында медицина саласын дамытуға, медицина қызметкерлерін қолдауға, олардың еңбегін бағалауға және әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған бастамаларға ерекше мән берілген.
Атап айтқанда, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін учаскелік қызмет мамандарына үздіксіз еңбек өтіліне қарай қосымша ақы төлеу жоспарлануда. Еңбек өтіліне байланысты лауазымдық жалақының 20%-ынан 50%-ына дейін үстемеақы қарастыру көзделген. Бұл бастама медицина қызметкерлерінің табысын арттыруға және олардың еңбегін ынталандыруға бағытталған.
Сонымен қатар, алғашқы медициналық көмек көрсету саласында еңбек ететін психологтар мен әлеуметтік қызметкерлердің психоэмоциялық жүктемесін ескере отырып, оларға қосымша ақы төлеу керектігі айтылды.
2026 жылдан бастап инфекциялық қызмет пен жедел медициналық жәрдем мамандарына қосымша қаржылай қолдау көрсетіліп келеді. Бұл – күнделікті жауапты қызмет атқаратын медицина қызметкерлерінің еңбегін бағалап, оларға қолдау көрсетуге бағытталған маңызды шара.
Денсаулық сақтау саласы – адам өмірі мен денсаулығын қорғауда айрықша маңызға ие. Медицина мамандарына қолайлы еңбек жағдайын жасау, олардың кәсіби дамуына мүмкіндік беру, тәжірибелі кадрларды сақтап қалу және жас мамандарды салаға тарту халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға ықпал етеді.
Біздің басты мақсатымыз – халық денсаулығын сақтау, аурулардың алдын алу және әрбір азаматқа сапалы медициналық көмек көрсету. Осы мақсатқа жету үшін медицина қызметкерлерінің кәсіби әлеуетін арттырумен қатар, олардың әлеуметтік қорғалуына да ерекше көңіл бөлінуі қажет.
Медицина қызметкерлеріне көрсетілетін қолдау – халық денсаулығын қорғауға, дені сау қоғам қалыптастыруға және ел болашағын нығайтуға бағытталған маңызды қадам.
Б.Д. Қыдырбаев,
Жамбыл облыстық жұқтырылған иммун тапшылығы синдромының алдын алу және онымен күрес жүргізу орталығының бас дәрігері