Жамбыл облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жүргізу орталығының жылжымалы тобы Тараз қаласындағы Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің «№67-мекеме» республикалық мемлекеттік мекемесі қызметкерлеріне арнап ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізді.
Іс-шара барысында қатысушыларға АИТВ/ЖИТС індетінің әлемдік, елдік және өңірлік деңгейдегі эпидемиологиялық жағдайы туралы кең көлемде мағлұмат берілді. Сонымен қатар, жұқпалы вирустың таралу жолдары, одан сақтану амалдары және оның адам ағзасына әсері жайлы толық ақпарат ұсынылды. Бұдан бөлек, жыныстық жолмен берілетін аурулардан қорғану жолдары мен В және С гепатиттерінің алдын алу мәселелері де қозғалды. Кездесу соңында тыңдаушыларға тақырыпқа сай ақпараттық материалдар – жадынамалар мен бүктемелер таратылды.
Сонымен қатар, ЖИТС орталығының мейірбикелері 77 қызметкерден ИФА әдісі арқылы қан үлгілерін алды. Талдау нәтижелері әрбір қатысушыға жеке түрде хабарланатын болады.