АИТВ-инфекциясы және басқа да ауру тудыратын қоздырғыштар
Жыл сайын мамырдың үшінші жексенбісі бүкіл әлемде ЖИТС-тен қайтыс болғандарды еске алу күні боп белгіленген. Бұл – АИТВ/ЖИТС-пен ауыратындарды қолдаудың символы және осы ауру кесірінен өмірден өткендерді еске түсіретін күн. Биыл 17 мамырға сәйкес келген бұл күн әлемде 37-рет аталып өтілмек.
Ғасыр індетінен қайтыс болғандар күні алғаш рет 1983 жылы Сан-Франциско қаласында (АҚШ) атап өтілді, оның мақсаты – адамның ұлты мен жынысы, жасы және әлеуметтік мәртебесіне қарамайтын ЖИТС ауруымен ауырған адамдарды еске алумен қатар, эпидемиядан зардап шеккен адамдарды қолдау, қоғам назарын осы проблемаға аудару, АИТВ-мен өмір сүретін адамдарды кемсітушілікпен күресу, жұқпаның таралуына қарсы тұру.
Әлемде 37,9 миллион адам АИТВ-мен өмір сүреді, 770 мың адам ЖИТС-пен байланысты аурулардан көз жұмды.
Бүгінде Қазақстанда АИТВ инфекциясына шалдыққандардың саны 37 мыңнан асып жығылды. Бұл індет елімізде алғаш рет 1989 жылы тіркелінді, ал Жамбыл облысында бірінші жағдай 1990 жылы шетел азаматынан анықталған болатын. Осы уақыттан облысымызда бұл вирусқа шалдыққандардың саны үдемелі қарқынмен 1268 (2020 жылдың 1 сәуіріне дейін ресми тіркелгендер саны) адамға жетті. Тек ағымдағы жылдың үш айы ішінде АИТВ-ны жұқтырудың 25 жағдайы тіркелді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бірдей деңгейде тіркелініп отыр.
Инфекция 20-59 жас аралығындағы азаматтар арасында белең алуда. АИТВ үш жолмен ғана жұғады, атап айтқанда, жүкті әйелден балаға, жыныстық қатынас және теріге ине арқылы инъекцияларды жасау арқылы.
Бүгінде АИТВ-дан қорғайтын вакцина ойлап табылмаған, індет негізінен бей-берекетсіз жыныстық қатынасқа түсу, оның барысында жеке қорғаныс заттарын пайдаланбау, ортақ ине арқылы есірткіні пайдалану жолдарымен жұғатындықтан, одан сақтану адамның өзіне байланысты. АИТВ адамның қанында болатын инфекция, сондықтан оны қанның талдауын жасату арқылы ғана анықтауға болады. Республика өңірлерінде орналасқан ЖИТС орталықтарында, соның ішінде Жамбыл облыстық ЖИТС-орталығында АИТВ-ға тексерілу кез-келген азамат үшін тегін жүргізіледі, талдау нәтижесі 1 күн ішінде дайын болады. АИТВ-ға қарсы ем бүгінгі күні ойлап табылмаған, тек антиретровирустық препараттарды пайдалану, салауатты өмір салтын ұстану, дәрігердің нұсқамаларын бұлжытпай орындау арқылы ғана оған шалдыққан адамның өмірін бірнеше жылға ұзартуға болады. Инфекцияның алғашқы белгілеріне жүдеу, әлсіреу лимфа бездерінің ұлғаюын және т.б. жатқызуға болады, сондай-ақ ол басқада жұқпалы ауруларға ұқсас өрбитіндіктен оны бірден анықтау кейде мүмкін болмайды. Вирус адамның иммундық жүйесін бұзатындықтан, ол көптеген аурулардың пайда болуына, бойда бар сырқаттардың өршуіне алып келеді. Бұл аурулардың көзі АИТВ инфекциясы болып отырғандығын тек қанды ЖИТС орталығындағы иммуно-ферменттік зертханаға тапсыру арқылы ғана анықтауға болады.
АИТВ инфекциясы бар адамдар тұрғылықты жері бойынша ЖИТС орталығының базасында тіркелген. Олар өз індеттері туралы және инфекцияны өзге адамдарға қасақана жұқтырғаны үшін қарастырылған жауапкершіліктер туралы жақсы біледі. Оның үстіне, АИТВ құшақтасудан, қол алысудан, сүйісуден, бірге бассейінге түсуден, тамақтанудан жұқпайды. АИТВ-инфекциясы бар науқастарды тіпті қоғамнан да оқшаулауға болмайды, олармен бір ортада өмір сүруден қорқудың қажеті жоқ. Онымен қоса, бұл індетке қандай да бір себептермен тап болған кез-келген азаматтың құқығы ҚР заңнамаларымен қорғалған. АИТВ-инфекциясының таралуын ескерту жөніндегі негізгі іс-шаралар АИТВ жұқтыру мәселесінде тұрғындарды қауіпсіз мінез-құлық дағдыларына үйрету болып табылады. Белгілі бір ерекше мінез-құлықты немесе өмір салтымен ерекшеленетін кейбір тұрғындар тобы АИТВ жұқпасын анағұрлым жоғары қауіпті жұқтыруға тап болуы мүмкін.
АИТВ жұқпасынан вирустың қасиетін, оның берілуі мен алдын алу шараларын біле отырып, өзіңді қорғауға болады.
Жыныстық жолмен берілетін инфекциялар (ЖЖБИ) бар болған жағдайда, АИТВ жұқпасының берілу қауіпі жыныстық байланыс кезінде 2-5 есеге артады. Ашық жарасы бар (мысалы, ұшық) жыныстық жолмен берілетін инфекциялар болған кезде, тіпті қауіпті.
Егер қанмен, ұрық сұйықтығымен, жатыр секретімен байланыс болмаса, АИТВ жұқпасының жұғу мүмкіндігі жоқ.
Ал бүгінгі таңда COVID-19 пандемиясы бүкіл әлемдегі саясаткерлердің, медицина қызметкерлері және миллиондаған адамдардың күн тәртібіндегі басты мәселесі болып тұр. Сондықтан әлем ғалымдары COVID-19 вирусының АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға тигізер әсерін зерттеуді жалғастыруда. Зерттеу нәтижесі дайын болғанға дейін АИТВ-мен өмір сүретін адамдар өз денсаулығына абай болуы керек және COVID-19 профилактикасы бойынша ұсыныстарды қатаң сақтауы қажет
АИТВ-адамның иммун тапшылығы вирусы
ЖИТС- жұқтырылған иммун тапшылығы синдромы
Жамбыл облыстық ЖИТС орталығының бас дәрігері Исмагулов Ерлан Толалиевич
Жамбыл облыстық ЖИТС орталығының бас дәрігерінің орынбасары Абдикеримова Орынкүл Жетесқызы