
Жамбыл облыстық ЖИТС орталығының мәжіліс залында орталық қызметкерлерінің қатысуымен салтанатты жиын өтті. Іс-шара барысында орталықтың бас дәрігерінің ұйымдастыру-әдістемелік және эпидемияға қарсы жұмыс жөніндегі орынбасары Қалметова Гүлжан Алдабергенқызы осы мекемеде 26 жылдан астам уақыт үздіксіз еңбек еткен Абдикеримова Орынкүл Жетесқызын зейнеткерлік демалысқа шығуымен құттықтады.
Салтанатты шарада Орынкүл Жетесқызына көпжылдық адал еңбегі мен денсаулық сақтау саласының дамуына қосқан үлесі үшін гүл шоқтары мен естелік сыйлық табысталды.
Орынкүл Жетесқызы еңбек жолын 2000 жылы Жамбыл облыстық ЖИТС орталығында зертханашы дәрігер қызметінен бастаған. Жылдар бойы өз ісіне жауапкершілікпен қарап, кәсіби біліктілігінің арқасында бас дәрігердің ұйымдастыру-әдістемелік және эпидемияға қарсы жұмыс жөніндегі орынбасары, сондай-ақ ұйымдастыру-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды.
Ұзақ жылдар бойғы жемісті еңбегі мемлекет және сала деңгейінде жоғары бағаланып, әр жылдары Жамбыл облысы әкімдігінің Денсаулық сақтау басқармасының, облыстық кәсіподақ комитетінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясының Жамбыл облыстық филиалының Құрмет грамотасына, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Құрмет грамотасына ие болды.
Бұдан бөлек, Орынкүл Жетесқызы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 және 30 жылдығына арналған мерекелік төсбелгілері және «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, Республикалық ЖИТС орталығының Алғыс хатымен және Құрмет Грамотасымен, Қазақстан денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіподақ комитетінің төсбелгісімен марапатталған. Сондай-ақ Жамбыл облысы әкімдігінің «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» белгісінің иегері.
Жиын барысында орталықтың бөлім басшылары мен көп жылдар бойы бірге еңбек еткен әріптестері сөз сөйлеп, ыстық ықыластарын білдіріп, алғыстарын айтты. Олар Орынкүл Жетесқызының жоғары кәсібилігін, адамгершілік қасиеттерін және ұжымдағы беделін ерекше атап өтті.
Салтанатты шара жылы лебіздер мен естелік суретке түсумен аяқталды. Ұжым атынан зейнеткерлік демалысқа шыққан ардақты әріптеске мықты денсаулық, отбасына амандық және ұзақ ғұмыр тілектерін жеткізді.








