Қазақстан Республикасы, Тараз
Төле би даңғылы, 64г (картада)
aidstaraz@med.mail.kz
Қабылдау бөлмесі: +7 (7262) 45-65-32
Сенім телефоны: +7 (7262) 45-65-32
call center: +7 (7262) 45-65-32

Қош келдің, Әз-Наурыз

Жамбыл облыстық АИТВ-инфекциясын алдын алу орталығында дәстүрлі Наурыз мейрамы ерекше аталып өтті. “Қош келдің, Әз-Наурыз” атты мерекелік шара Клинико-диагностикалық зертханасы бөлімі ұйымдастырған мереке ретінде айрықша есте қалды. Қатысушылардың қуанышына бөленген бұл кештің басты мақсаты – қазақ халқының дәстүрі мен мәдениетін ұлықтау, көктем мен жаңа жылдың символы ретінде Наурыз мейрамын атап өту болды.

Мереке аясында орталықтың ауласында көптеген дәстүрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Орталық қызметкерлері мен қонақтары үшін басты тағам – Наурыз көже дайындалып, бауырсақ пісірілді. Оған қоса, аулаға жасыл желек отырғызылып, табиғатқа деген құрмет көрсетілді.

Мерекенің ашылу салтанатында жүргізушілер барша қатысушыларды Наурыз мерекесімен құттықтап, оның мән-маңызын сөз етті. Содан кейін Жамбыл облыстық АИТВ-инфекциясын алдын алу орталығының бас дәрігері Қыдырбаев Бағлан Жарылқасынұлына сөз берді. Бас дәрігер Наурыздың халқымыз үшін терең мағыналы мереке екенін айтып, бұл күннің жақсылыққа, жаңару мен үмітке толы екенін атап өтті. Жылдың басы тыныштық пен бейбітшілікті, денсаулық пен бақытты әкелуін тіледі, барлық қатысушыларға жайлы өмір, табысты жұмыс және отбасылық береке тіледі.

Мерекелік кеште халқымыздың ежелден келе жатқан дәстүрлерінің бірі – бата беру рәсімі орын алды. Қыдыр ата рөлінде Алтайхан Малимов  сөз алып, барша жиналғандарға жақсы тілек айтып, бата берді.

Наурыз мерекесі тек сөзбен ғана емес, әсем әндермен де өрнектелді. Айгул Жакипова мен Бағдат Жапанованың  орындауында “Наурыз көктем” әні орындалды.  Ұлбибі атты қызымыз “Аққу” биін билеп, көрермендерді таңдай қақтырды.

Мереке барысында дәстүрлі шашу рәсімі де өтті. Әжелер ансамблі (Қарлығаш Зейнулова, Динара Турдымуратова, Жанат Курмашева, Баглан Тулмағанбетова, Гульвира Серкебекова, Зара Абиева) шашу шашып, халықтың көңілін көтерді.

Сонымен қатар, Наурыз мерекесінің ең әсерлі сәттерінің бірі тұсаукесер рәсімі болды. Бұл рәсім қазақ халқының дәстүріне сай Бағлан Жарылқасынұлы баланың болашағының жарқын болуына тілек білдіріп, тұсауын кесіп, сәттілік тіледі.

Шара барысында қазақ халқының танымал әндері мен билері орындалып, кештің көркемдік деңгейі жоғары болды. Жиналғандар Арсен ұлының “Мен қазақтың баласы” әнін тыңдап, өздерінің ұлттық болмысын сезінді. “Қара жорға” биі де қазақтың ұлттық өнерін паш еткен сәттердің бірі болды.

Мерекелік шарада көңілді ойындар мен жарыстар да өтті. Әр бөлімнің қызметкерлері арқан тарту, қол күрес және гір көтеру сияқты ұлттық ойындарға қатысып, мерекенің тартымды әрі қызықты өтуіне өз үлестерін қосты. Жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Мереке соңында қатысушылар “Атамекен” әнін бірге шырқап, бір-біріне ыстық ықылас, ақ тілектерін жолдады. Наурыздың құтты болуына тілектестікпен аяқталған кеш баршаға қуаныш, бақыт және береке әкелді.

АИТВ-инфекциясын алдын алу орталығында өткен бұл Наурыз мейрамы тек қана көктемнің жарқын мерекесін атап өту емес, сонымен қатар халқымыздың дәстүрлері мен құндылықтарын жаңғырту, жаңа жылдың бастауы ретінде ынтымақ пен бірліктің ұйытқысы болды. Наурыз мейрамы әр адамның жүрегіне жылу мен үміт сыйлап, болашаққа деген сенімді арттырды.