Жамбыл облыстық жұқтырылған иммун тапшылығы синдромының (ЖИТС) алдын алу және онымен күрес жүргізу орталығының мамандары Тараз мамандандырылған колледжінің студенттерімен кездесу өткізді. Іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында АИТВ инфекциясының таралуының алдын алу, ақпараттандыру деңгейін арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау болды.
Семинарға эпидемиолог дәрігер С. Дулатбаева, орталықтың психолог мамандары М. Бегманова мен Г. Шамурзаева қатысып, АИТВ (адам иммун тапшылығы вирусы) инфекциясының таралу жолдары, алдын алу шаралары, емделу мүмкіндіктері және стигма мен дискриминация мәселелері жайында жан-жақты мағлұмат берді.Мамандар жастарды жауапты әрекетке, өз денсаулығына мұқият қарауға шақырды.
Кездесу барысында студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан тұшымды жауаптар алды. Сондай-ақ, қатысушыларға ақпараттық-білім беру материалдары таратылып, әрбір жас АИТВ-дан қорғанудың маңыздылығы мен жолдары туралы нақты әрі түсінікті ақпарат алды.
Кездесу жылы әрі еркін форматта өтті. Студенттер белсенділік танытып, АИТВ жайлы өз ойларымен бөлісті, жаңа әрі пайдалы мәліметтер алды.