Қазақстан Республикасы, Тараз
Төле би даңғылы, 64г (картада)
aidstaraz@med.mail.kz
Қабылдау бөлмесі: +7 (7262) 45-65-32
Сенім телефоны: +7 (7262) 45-65-32
call center: +7 (7262) 45-65-32

Жамбыл облысында «Өз мәртебеңді біл – жақындарыңды қорға!» акциясы өтті

 

6 маусым күні Тараз қаласындағы Жеңіс саябағында Жамбыл облыстық жұқтырылған иммун тапшылығы синдромының алдын алу және онымен күрес жүргізу орталығының ұйымдастыруымен «Өз мәртебеңді біл – жақындарыңды қорға!» атты кең көлемді ақпараттық-профилактикалық акциясы өтті. Ауқымды іс-шараның негізгі мақсаты – тұрғындар мен жастар арасында денсаулық мәдениетін қалыптастыру, АИТВ-инфекциясының алдын алу, ерте диагностиканың маңыздылығын түсіндіру және әр азаматтың өз денсаулығына деген жауапкершілігін арттыру болды.

Акцияға Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, облыстық телеарна тілшілері, Жастар ресурстық орталығының мамандары, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, сондай-ақ қала тұрғындары мен жастар қатысты.

Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек АИТВ-инфекциясының алдын алуда ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының маңыздылығына тоқталып, облыстағы эпидемиологиялық ахуал туралы баяндады. Ол өз сөзінде әрбір азаматтың, әсіресе жастардың, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, денсаулықтарын тұрақты бақылауда ұстауының маңызын атап өтті.

Акция барысында тұрғындарға АИТВ-инфекциясы, оның берілу жолдары мен алдын алу шаралары туралы жан-жақты ақпарат берілді. Сонымен қатар келушілер эпидемиолог, инфекционист, дерматовенеролог дәрігерлер мен психолог мамандардан кәсіби кеңестер алып, қойған сұрақатрына кәсіби жауап алды. Акция нәтижесінде 100-ден астам тұрғын білікті мамандардың кеңесіне жүгінді.

Барлық ниет білдірушілер үшін АИТВ-ға тегін және құпия түрде жедел тестілеу ұйымдастырылды. Тұрғындар мен жастар тестілеуден белсенді өтіп, өз мәртебелерін білуге үлкен қызығушылық танытты. Акция қорытындысы бойынша барлығы 321 адам АИТВ-ға жедел тест тапсырды. Алғашқы 100 қатысушыға ұйымдастырушылар тарапынан ынталандыру ретінде балмұздақтар таратылды.

Іс-шара аясында жастар арасында ұлттық және спорттық ойындардан жарыс өткізілді. Сонымен қатар АИТВ тақырыбында танымдық викториналар ұйымдастырылып, қатысушылар сұрақтарға белсенді жауап берді. Жеңімпаздар мен белсенді қатысушыларға сыйлықтар табысталды.

Акцияның мәдени бағдарламасы да көпшіліктің көңілінен шықты. Жанды дауыста әндер орындалып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйланды. Іс-шара барысында жастар ерекше белсенділік танытып, ұйымдастырылған барлық шараларға қызу қатысты. Олар жедел тестілеуден өтіп, түрлі ойындар мен байқауларға қатысып, өздерінің АИТВ мәртебесін анықтап, денсаулықтарын сақтау жөнінде пайдалы ақпараттар алды.