
Жамбыл облыстық ЖИТС орталығының мамандарының ұйымдастыруымен №7 қалалық емханасында «Қазақстан Республикасындағы және Жамбыл облысындағы АИТВ/ЖИТС-тің эпидемиологиялық жағдайы. АИТВ/ЖИТС бойынша нормативтік-құқықтық актілер. АИТВ/ЖИТС-тің алдын алу» тақырыбында семинар өткізілді.
Семинарды Жамбыл облыстық ЖИТС орталығының мамандары: эпидемиолог дәрігер Д. Абдраманова, инфекционист дәрігер Г. Байдаулетова, ИФА зертханасының маманы Б. Жапанова ұйымдастырды.
Семинар барысында қатысушыларға Қазақстан Республикасы және Жамбыл облысы аумағындағы АИТВ-инфекциясының эпидемиологиялық жағдайы туралы толық ақпарат берілді.
Сонымен қатар, АИТВ бойынша жаңартылған нормативтік-құқықтық актілер, клиникалық көрсеткіштер бойынша 113.4 коды арқылы тексеру жүргізу тәртібі және тексерілуге жататын контингенттер түсіндірілді.
Сондай-ақ, АИТВ-инфекциясының диагностикасы, алдын алу және емдеу мәселелері, қатар жүретін аурулар, биоматериалды ИФА зерттеуіне алу, сақтау және тасымалдау ережелері қарастырылды. Экспресс-тестілеу жүргізу әдістемесі бойынша практикалық түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Семинар соңында қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, мамандар тарапынан толық әрі жан-жақты жауаптар берілді.