
2026 жылғы 25 маусымда №9 қалалық емханада «Қазақстан Республикасы мен Жамбыл облысындағы АИТВ/ЖИТС бойынша эпидемиологиялық жағдай. АИТВ/ЖИТС мәселелері бойынша нормативтік-құқықтық актілер. АИТВ/ЖИТС-тің алдын алу» тақырыбында семинар ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – медицина қызметкерлерінің АИТВ-инфекциясының алдын алу, ерте анықтау, диагностикалау және эпидемиологиялық қадағалау бағытындағы білімдерін жетілдіру, сондай-ақ қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілермен таныстыру болды.
Семинарды Жамбыл облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының мамандары – АИТВ-инфекциясын эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің эпидемиолог дәрігері Г.Ахметова және профилактика бөлімінің мейірбикесі Д.Еркулова жүргізді.
Семинар барысында қатысушыларға Қазақстан Республикасы мен Жамбыл облысындағы АИТВ-инфекциясы бойынша қазіргі эпидемиологиялық ахуал туралы жан-жақты ақпарат берілді. Сонымен қатар, АИТВ-инфекциясына клиникалық көрсетілімдер бойынша 113.4 коды негізінде тексеру жүргізу тәртібі, диагнозды МКА-10 бойынша дұрыс рәсімдеу талаптары, АИТВ-ға міндетті түрде тексерілуге жататын контингенттер, медициналық ұйымдардағы ұйымдастыру-әдістемелік жұмыстар және қолданыстағы нормативтік-құқықтық құжаттар кеңінен түсіндірілді.
Кездесу барысында №9 қалалық емхана бойынша 2026 жылдың алғашқы бес айындағы АИТВ-инфекциясына тестілеу нәтижелері талданып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырмалы түрде сарапталды. Сондай-ақ, Жамбыл облыстық ЖИТС орталығының зертханасына АИТВ-ға иммуноферменттік талдау (ИФТ/ИФА) жүргізуге арналған биоматериалды дұрыс алу, сақтау, тасымалдау және жеткізу қағидалары, сондай-ақ АИТВ-инфекциясына экспресс-тестілеу жүргізу тәртібі бойынша тәжірибелік ұсынымдар берілді.
Семинарда АИТВ/ЖИТС-тің алдын алу, халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту, инфекцияға байланысты стигма мен кемсітушіліктің алдын алу, пациенттердің құқықтарын сақтау және қоғамда толерантты көзқарасты қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Іс-шара соңында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан жан-жақты жауап алды.