АИТВ инфекциясы  адамның иммун тапшылығы вирусы тудыратын баяу дамитын бұл ауру адамның иммундық жүйесін бұза отырып, басқа да инфекциялық аурулардың дамуына әсер етеді. Өйткені иммундық жүйе ағзаны ауру тудыратын микроорганизмдерден қорғау қабілетін жоғалтады. АИТВ инфекциясын жұқтырған адам уақыт өте келе сау адамдар үшін ешқандай қауіп келтірмейтін микроорганизмдердің өзін тез қабылдайтын болады.

Дүниежүзі ЖИТС жайында алғаш рет білгеніне 35 жылдан астам уақыт өтті. Жылдар өткен сайын індет барлық жерде таралып, оның зардаптары ойлағандағыдан әлдеқайда ауыр болды. Әлемде АИТВ жұқпасымен әр минут сайын 10 адам тіркеледі.Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне жүгінсек, әлемде АИТВ/ВИЧ инфекциясын жұқтырғандар саны 50 миллионнан асып кеткен, оның ішінде шамамен 3,5 миллионы – балалар. Алайда барлық АИТВ инфекциясын жұқтырғандардың ішінде 20-40 жас аралығындағылар басым көпшілігін құрап отыр.

ЖИТС (жұқтырылған иммунитет тапшылығының синдромы) – АИТВ инфекциясының соңғы сатысы. Адам ағзасында пайда болған қоздырғыш иммундық жүйенің маңызды клеткалары – лимфоциттерді жояды. Кез келген адам қанында бір текше миллилитрде саны 800-ден 1200-ге дейін лимфоциттер болады. Егер бұл клеткалардың саны 500-ге төмендесе, адам әртүрлі қоздырғыштарды, микробтарды тез қабылдайды. АИТВ/ВИЧ көп жылдар бойы адам ағзасында өмір сүріп, оның алғашқы белгілері пайда болғанша басқа адамға жұғуы мүмкін. Көптеген адамдар АИТВ өз басыма келеді деп ойламайды. Себебі, қоздырғыш белгісі адам бойынан табылғаннан бастап ауру дамығанша 10 және одан көп жылдар өтуі мүмкін.

Аталмыш қатерлі дерттен бойыңды аулақ ұстау мен өз денсаулығыңды, болашағыңды қорғаудың ең сенімді, тура жолы – есірткіден бас тарту және бейберекет, кездейсоқ жыныстық қатынастан бойды аулақ салу. Әр адам өз денсаулығы үшін, өсіп келе жатқан ұрпағы үшін ойлануы керек!