
Жамбыл облыстық ЖИТС-тің алдын алу және онымен күрес жүргізу орталығының психолог мамандары Г. Шамурзаева және М. Бегманова Тараз қаласында орналасқан «ОЗАТ»
жекеменшік мектебінің жоғары сынып оқушыларына арналған қазақ және орыс тілдерінде ақпараттық дәріс өткізді.
Кездесу барысында мамандар Қазақстан Республикасындағы және Жамбыл облысындағы АИТВ инфекциясының ағымдағы эпидемиологиялық жағдайына тоқталып, өңірде атқарылып жатқан алдын алу шаралары мен тұрақты ақпараттық жұмыстардың маңыздылығын түсіндірді.
Дәріс барысында АИТВ инфекциясының, жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың (ЖЖБИ) және басқа да жұқпалы аурулардың алдын алу жолдары, қауіпсіз мінез-құлық қағидалары, сондай-ақ салауатты өмір салтын ұстанудың маңызы туралы кең көлемде ақпарат берілді. Сонымен қатар, тақырыпты нақтылай түсу мақсатында танымдық бейнеролик көрсетіліп, оқушылардың белсенділігін арттыру үшін тақырыпқа сай ойын ойнатылды.
Оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандар тарапынан жан-жақты әрі кәсіби жауаптар алды.
Іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында денсаулыққа жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ стигма мен кемсітушіліктің алдын алу болып табылады.



