
Облыстық көп бейінгі ауруханасында АИТВ инфекциясы мен ЖИТС-тің алдын алу және онымен күрес жөніндегі семинар өтті. Іс-шараға медицина қызметкерлері қатысты.
Семинарды облыстық ЖИТС орталығының инфекционист дәрігері К. Сметова және эпидемиолог дәрігері Қ. Аушенова өткізді.
Семинар барысында Қазақстан Республикасы мен Жамбыл облысындағы АИТВ/ЖИТС бойынша эпидемиологиялық жағдай, АИТВ/ЖИТС-ке қатысты нормативтік-құқықтық актілер, АИТВ инфекциясы мен кәсіби жұқтырудың алдын алу мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар, авариялық жағдайлар кезіндегі іс-әрекеттер, АИТВ инфекциясының алдын алу мақсатындағы жанасуға дейінгі профилактика және жанасудан кейінгі профилактика, АИТВ-статусты білудің маңыздылығы, сондай-ақ АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға қатысты стигма мен кемсітушілікке жол бермеу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Бұдан бөлек, семинар барысында клиникалық көрсеткіштер бойынша АИТВ-ға тексерілу қажеттілігі және медицина қызметкерлері үшін авариялық жағдайлар (қанмен немесе басқа да биологиялық сұйықтықтармен жанасу) кезінде дұрыс әрекет ету алгоритмдері түсіндірілді.
Семинар барысында қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, оларға толық әрі түсінікті жауаптар берілді.