
Жамбыл облыстық ЖИТС орталығында «АИТВ-ға қарсы күрестегі қиындықтардан – тиімді өзгерістерге» ұранымен Ашық есік күні өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – АИТВ-инфекциясының, жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың (ЖЖБИ) және өзге де жұқпалы аурулардың алдын алу мәдениетін қалыптастыру, халықтың ақпараттану деңгейін арттыру, денсаулыққа жауапкершілікпен қарау көзқарасын дамыту, қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын үйрету, әрі салауатты өмір салтын насихаттау болды.
Шара орталықтың мәжіліс залында өткізіліп, алдымен психолог маманы М. Бегманова қатысушыларға АИТВ туралы жалпы түсінік беріп, орталық қызметкерлерімен таныстырып өтті. Ол жастарды белсенділік танытып, сұрақтар қоюға шақырды.
Алғашқы баяндама орталықтың эпидемиолог дәрігері Қ. Аушеноваға беріліп, ол Қазақстан Республикасындағы АИТВ бойынша статистикалық мәліметтерге тоқталып, Жамбыл облысындағы эпидемиологиялық жағдай жөнінде кеңінен түсіндірді.
Келесі сөз кезегін инфекционист дәрігер Г. Байдаулетова алып, АИТВ-инфекциясының жұғу жолдары, жұқпайтын жағдайлар, сақтану шаралары және науқас уақытылы ем қабылдамаған кезде ЖИТС сатысына өту қаупі туралы толық ақпарат берді.
Сонымен қатар гинеколог дәрігер Р. Перзадаева АИТВ алдын алу, АИТВ-ның вертикальді берілуінің профилактикасы және АИТВ-мен өмір сүретін әйел емделген жағдайда дені сау бала дүниеге әкеле алатыны жөнінде, басқа да жыныстық жолмен жұғатын аурулар туралы түсіндірді. Ол жастарды зиянды әдеттерден аулақ болуға шақырып, репродуктивті денсаулықтың маңызын атап өтті.
Шара барысында қатысушылар мамандарға өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, кәсіби әрі жан-жақты жауап алды. Өздері ниет білдірген жастар жылдам тестілеуден өтіп, өз АИТВ статусын анықтау мүмкіндігіне ие болды.
Іс-шара соңында жастар орталықтың бөлімдерін аралап, дәрігерлермен жеке әңгімелесіп, анонимді кеңес беру кабинетінің жұмысымен танысты. Ашық есік күні қатысушыларға пайдалы ақпарат беріп, денсаулықты қорғаудың маңызын түсіндіруге бағытталған мазмұнды кездесу ретінде өткізілді.