
Жамбыл облыстық ЖИТС орталығының мәжіліс залында «Жамбыл облысы бойынша 2026 жылдың I тоқсанындағы АИТВ инфекциясының эпидемиологиялық жағдайы» тақырыбында кеңейтілген жиын өтті.
Күн тәртібіне сәйкес, эпидемиологиялық қадағалау бөлімі меңгерушісінің міндетін атқарушы Г. Ахметова баяндама жасады. Баяндамада 2026 жылдың алғашқы тоқсанындағы облыс бойынша АИТВ инфекциясының таралу деңгейі, жаңа тіркелген жағдайлар, жұқтыру жолдары және негізгі тәуекел топтары туралы мәліметтер ұсынылды. Сондай-ақ, алдын алу шараларының тиімділігі мен диагностикалық тексерулердің нәтижелері талданды.
Жиында орталықтың бас дәрігері Б. Қыдырбаев өңірдегі эпидемиологиялық ахуалдың маңыздылығына тоқталды. Ол АИТВ инфекциясының алдын алу, дер кезінде анықтау және емдеу шараларын күшейтудің өзектілігін атап өтті. Сонымен қатар, атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша шолу жасап, алдағы міндеттерді белгіледі.
Жиын барысында қатысушылар тарапынан бірқатар сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылды. Әсіресе, халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту, жастар мен осал топтар арасында профилактикалық бағдарламаларды кеңейту, сондай-ақ медициналық ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіру мәселелері көтерілді.
Кездесу қорытындысы бойынша АИТВ инфекциясының таралуын төмендетуге бағытталған нақты іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру, алдын алу жұмыстарын жандандыру және мониторингті күшейту жөнінде тиісті тапсырмалар берілді.