Жамбыл облыстық Жұқтырылған иммун тапшылығы синдромының алдын алу және онымен күрес жүргізу орталығының мамандары мен Талас аудандық Жастар денсаулық орталығының ұйымдастыруымен АИТВ-инфекциясының алдын алу бағытында ақпараттық-танымдық кездесу өтті. Іс-шараның мақсаты – жастар мен тұрғындардың АИТВ-инфекциясы туралы білім деңгейін арттыру, инфекцияның берілу жолдары мен оның алдын алу шаралары жөнінде сенімді ақпарат беру, сондай-ақ ерте диагностикадан өтудің маңыздылығын түсіндіру. Кездесу барысында қатысушыларға АИТВ-инфекциясына қатысты кеңінен ақпарат беріліп, тестілеуден құпия түрде өту мүмкіндіктері таныстырылды. Мамандар келушілердің сұрақтарына жауап беріп, қауіпсіз мінез-құлық қағидалары мен өз денсаулығына жауапкершілікпен қараудың маңызын түсіндірді. Сонымен қатар, профилактикалық мазмұндағы ақпараттық жадынамалар таратылды.