
Жамбыл облыстық ЖИТС-тің алдын алу және онымен күрес жүргізу орталығының эпидемиолог дәрігері Н. Бердіш Тараз политехникалық колледжінің студенттерімен кездесу өткізіп, АИТВ инфекциясының алдын алу тақырыбында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Іс-шара барысында жастарға еліміздегі және Жамбыл облысындағы АИТВ инфекциясының эпидемиологиялық жағдайы туралы мәліметтер ұсынылды. Сонымен қатар, инфекцияның таралу жолдары мен оның алдын алу шаралары кеңінен түсіндірілді.
Кездесу кезінде жыныстық жолмен берілетін инфекциялардан қорғану, қауіпсіз мінез-құлық қағидаларын сақтау және салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Мамандар жастар денсаулығын сақтауда ақпараттық сауаттылықтың маңызын атап өтті.
Студенттер мамандарға өз сұрақтарын қойып, АИТВ инфекциясының алдын алу бағытында қажетті кеңестер мен толыққанды жауаптар алды.
Шараның мақсаты – жастар арасында денсаулыққа саналы көзқарас қалыптастыру, АИТВ инфекциясының таралуының алдын алу және қоғамдағы кемсітушілік пен стигманы азайту.