Қазақстан Республикасы, Тараз
Төле би даңғылы, 64г (картада)
aidstaraz@med.mail.kz
Қабылдау бөлмесі: +7 (7262) 45-65-32
Сенім телефоны: +7 (7262) 45-65-32
call center: +7 (7262) 45-65-32

Жыл басы – береке мен бірлік бастауы

Жамбыл облыстық жұқтырылған иммун тапшылығы синдромының алдын алу және онымен күрес жүргізу орталығында 22 наурыз – Жыл басы мерекесіне орай іс-шара ұйымдастырылды. Бұл айтулы күн Наурыз мейрамы аясында аталып өтіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, ұжым арасындағы бірлік пен татулықты нығайтуға бағытталды.
Мерекелік шараның ашылуында орталықтың бас дәрігері Б.Қыдырбаев сөз сөйлеп, барша ұжымды көктемнің шуақты мерекесімен құттықтады. Бағлан Жарылқасынұлы өз сөзінде Ұлыстың ұлы күні наурыздың мән-мағынасына тоқталып, әріптестеріне зор денсаулық, еңбектеріне табыс, отбасыларына амандық пен береке тіледі.
Іс-шара барысында орталық қызметкерлерінің мәдени-танымдық бағдарламалары ұсынылды. Қатысушылар ұлттық әндер орындап, көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар қызықты ойындар ұйымдастырылып, ұжым қызметкерлері белсенділік танытып, мерекенің сәнін кіргізді.
Мерекенің ерекше бөліктерінің бірі – ұлттық тағамдар көрмесі болды. Орталықтың әрбір бөлімі қазақтың дәстүрлі ас мәзірінен дәм ұсынып, олардың дайындалу жолдары мен ұсынылу ерекшеліктерін таныстырды. Бұл көрме ұлттық тағамдардың маңызын айқындап, салт-дәстүрге деген құрметті арттыра түсті.
Аталған іс-шара ұжым мүшелеріне ерекше әсер сыйлап, достық қарым-қатынасты нығайта түсті.

#Nauryznama2026
#ҰлыДалаНаурызы