
Жамбыл облыстық жұқтырылған иммун тапшылығы синдромының алдын алу және онымен күрес жүргізу орталығының мәжіліс залында «Ақпараттық қауіпсіздіктің негізгі ережелері» тақырыбында түсіндіру жұмыстары өткізілді.
Іс-шараны Ақпараттандыру және АИТВ инфекциясын компьютерлік қадағалау бөлімінің меңгерушісі Кемелбекова Фариза Қайратовна жүргізді.
Кездесу барысында ақпараттық қауіпсіздіктің негізгі қағидалары, қызметтік ақпараттарды қорғау, интернет желісін қауіпсіз пайдалану және дербес мәліметтердің құпиялылығын сақтау мәселелері кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар, электрондық пошта мен әлеуметтік желілерді пайдалану кезінде кездесетін қауіптер, алаяқтық сілтемелер мен күмәнді файлдардан сақтану жолдары туралы маңызды мәліметтер берілді.
Шара барысында қатысушыларға киберқауіпсіздік талаптарын сақтау, күрделі құпиясөздерді қолдану және ақпараттық жүйелермен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң ұстанудың маңыздылығы айтылды.
Кездесу соңында қатысушылар сұрақтарына жауап алып, ақпараттық қауіпсіздікке қатысты пайдалы кеңестермен танысты.