
30 қаңтар күні Жамбыл облыстық ЖИТС орталығының мәжіліс залында «2023–2026 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында АИТВ-инфекциясының алдын алу жөніндегі шараларды іске асыру туралы» жол картасына сәйкес «Денсаулық сақтау мамандары арасында АИТВ-ға қатысты стигма және дискриминация мәселелері» тақырыбында семинар-тренинг ұйымдастырылды.
Іс-шараны орталықтың эпидемиолог дәрігері К.Аушенова өткізіп, семинарға Жамбыл облыстық ЖИТС орталығының қызметкерлері қатысты.
Семинар барысында АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға қатысты стигма мен дискриминация ұғымдары, олардың пайда болу себептері жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар, медициналық қызмет көрсету кезінде адам құқықтарын сақтау, пациенттермен этикалық қарым-қатынас орнату және кемсітушіліктің алдын алу жолдары туралы маңызды ақпараттар ұсынылды.
Тренинг барысында қатысушылар түрлі жағдаяттар бойынша пікір алмасып, тәжірибелік тапсырмалар орындады. Бұл өз кезегінде қызметкерлердің кәсіби құзыреттілігін арттырып, АИТВ-ға қатысты стигма мен дискриминацияны азайтуға бағытталған білімдерін нығайтуға мүмкіндік берді.
Іс-шара соңында қатысушылар өз пікірлерін білдіріп, тақырыптың өзектілігін атап өтті.