Қазақстан Республикасы, Тараз
Төле би даңғылы, 64г (картада)
aidstaraz@med.mail.kz
Қабылдау бөлмесі: +7 (7262) 45-65-32
Сенім телефоны: +7 (7262) 45-65-32
call center: +7 (7262) 45-65-32

Референдум – әр азаматтың таңдауы

Жамбыл облыстық жұқтырылған иммун тапшылығы синдромының алдын алу және онымен күрес жүргізу орталығының мәжіліс залында орталық қызметкерлерінің қатысуымен маңызды жиын өтті.
Басқосу барысында орталықтың бас дәрігері Б.Қыдырбаев ұжымға Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы жөнінде кеңінен ақпарат беріп, алдағы 15 наурыз күні өтетін республикалық референдумның маңыздылығына тоқталды.
Жиын барысында Бағлан Жарылқасынұлы Конституция – мемлекеттің негізгі заңы, елдің саяси, әлеуметтік және құқықтық даму бағытын айқындайтын басты құжат екенін атап өтті. Ол өз сөзінде референдум – әрбір адамның азаматтық ұстанымын білдіретін маңызды саяси науқан екенін жеткізді.
Сонымен қатар, орталық қызметкерлеріне 15 наурыз күні өтетін жалпыхалықтық дауыс беруге белсенді түрде қатысып, өз таңдауларын жасауға шақырды. «Ел тағдырына қатысты маңызды шешімдер қабылданатын сәтте әрқайсымыздың дауысымыз маңызды. Сондықтан барлығымыз бір кісідей атсалысуымыз қажет», – деді бас дәрігер.
Жиын соңында орталық ұжымы алдағы референдумға белсенді қатысуға дайын екендіктерін жеткізді.

Облыстық перинаталдық орталықта АИТВ/ЖИТС мәселелері бойынша семинар өтті

 

Ағымдағы жылдың 20 ақпанда Облыстық перинаталдық орталықта АИТВ/ЖИТС-тің эпидемиологиялық ахуалы, нормативтік-құқықтық базасы, диагностикалау, алдын алу және емдеу мәселелеріне арналған семинар өткізілді. Іс-шараны Жамбыл облыстық ЖИТС орталығы мамандары ұйымдастырды.
Семинарды профилактикалық жұмыс бөлімінің эпидемиолог дәрігері Д.Абдраманова және емдеу-профилактикалық бөлімінің инфекционист дәрігері Г.Темирбекова жүргізді.
Семинардың негізгі мақсаты – медицина қызметкерлерін Қазақстан Республикасы мен Жамбыл облысындағы АИТВ-инфекциясының таралу деңгейімен таныстыру, АИТВ бойынша қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерді түсіндіру, тестілеу тәртібі мен алдын алу шаралары туралы кәсіби ақпарат беру болды.
Іс-шара барысында өңірдегі және республикадағы эпидемиологиялық жағдайға талдау жасалып, медициналық ұйымдардағы ұйымдастырушылық-әдістемелік жұмыстардың өзекті бағыттары қарастырылды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 27 қарашадағы № ҚР ДСМ-211/2020 бұйрығына сәйкес АИТВ-инфекциясының бар-жоғына міндетті құпия медициналық тексеру қағидалары түсіндірілді.
Семинар аясында:
– АИТВ-ға тексерілуге жататын контингенттерді анықтау;
– Кәсіби жұқтырудың алдын алу шаралары;
– АИТВ/ЖИТС-тің алдын алу жұмыстары;
– Стигма мен кемсітушіліктің алдын алу;
– АИТВ-инфекциясын диагностикалау және емдеу тәсілдері;
– Қатар жүретін аурулар мәселесі;
– АИТВ, мерез және С гепатитінің анадан балаға берілуінің алдын алу тақырыптары кеңінен талқыланды.
Семинар соңында мамандар қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, тәжірибелік ұсыныстарын ортаға салды.

АИТВ-инфекциясының алдын алу және оның таралуын төмендету мақсатында өткен облыстық семинар кеңес

Жамбыл облыстық ЖИТС орталығы мәжіліс залында АИТВ-инфекциясының алдын алу және оның таралуын төмендету мақсатында облыстық, қалалық және аудандық емдеу-алдын алу ұйымдарының ЖИТС-қа жауапты медициналық қызметкерлері мен профилактикалық бөлім мамандарының қатысуымен ауқымды семинар-кеңес өтті.

Семинар-кеңесті Жамбыл облыстық ЖИТС орталығы бас дәрігерінің орынбасары Г.Калметова ашып, жиынның негізгі мақсаты мен маңыздылығына тоқталды. Ол өз сөзінде денсаулық сақтау саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында АИТВ-инфекциясының алдын алу, ерте анықтау және халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар семинар бағдарламасы таныстырылып, күн тәртібіндегі өзекті мәселелер айқындалды.

Эпидемиологиялық профилактикалық қадағалау бөлімінің меңгерушісі Г.Ахметова Қазақстан Республикасы мен Жамбыл облысы бойынша АИТВ-инфекциясының эпидемиологиялық жағдайына жан-жақты талдау жасады. Баяндама барысында республика және өңір көлемінде тіркелген жағдайлар, аурудың таралу динамикасы, негізгі тәуекел топтары және инфекцияның берілу жолдары туралы нақты деректер ұсынылды. Сонымен қатар, АИТВ-инфекциясының негізгі берілу жолдарына қорғалмаған жыныстық қатынас, қан арқылы (инъекциялық есірткі қолдану, стерильді емес медициналық және өзге де құралдар), сондай-ақ анадан балаға жүктілік, босану немесе емізу кезеңінде берілуі жататынын түсіндірді. Ерте диагностика мен тұрақты скрининг жүргізудің маңыздылығы ерекше атап өтілді.

Эпидемиолог дәрігер И.Досымова облыстық, қалалық және аудандық емдеу-алдын алу ұйымдарының жауапты мамандарына ай сайынғы есептілікті уақытылы әрі сапалы түрде тапсыру қажеттігін ескертті. Сонымен қатар 2026 жылға арналған профилактикалық іс-шаралар жоспары таныстырылып, әр медициналық ұйымға нақты міндеттер жүктелді. Барлық жоспарланған шаралардың орындалуы тұрақты бақылауда болатыны айтылды.

АИТВ-инфекциясын эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің эпидемиолог дәрігері А.Иргебаева жастар арасында жүргізілетін алдын алу жұмыстарының қағидаларына тоқталды. Атап айтқанда: Жастар денсаулық орталықтарында скрининг жүргізу; Салауатты өмір салтын қалыптастыру кабинеттерінің қызметін жандандыру; Экспресс-тестілеу кабинеттерінің жұмысын күшейту; Әйелдер мен ерлерге арналған қарау кабинеттерінде кеңес беру; Отбасын жоспарлау кабинеттері арқылы ақпараттық қолдау көрсету.

Сонымен қатар клиникалық көрсеткіштер бойынша балалар мен жасөспірімдерге АИТВ-инфекциясына міндетті құпия медициналық тексеру жүргізу тәртібі түсіндіріліп, құпиялылық қағидаларын сақтау медициналық қызметкерлердің кәсіби міндеті екені ерекше айтылды.

Психолог маман М.Бегманова ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігіне тоқталды. Оның айтуынша, халықтың, әсіресе жастардың АИТВ туралы білім деңгейін арттыру, стигма мен кемсітушіліктің алдын алу, қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру – алдын алу шараларының маңызды бөлігі. Бұл бағытта білім беру ұйымдарымен, жастармен тығыз жұмыс жүргізу қажет екені атап өтілді.

Семинардың практикалық бөлімінде ИФТ-зертханасының меңгерушісінің міндетін атқарушы А.Малимов медициналық қызметкерлерге қан құрамындағы p24 вирустық антигенін және АИТВ-ның 1 және 2 типтерін (IV ұрпақ) анықтауға арналған экспресс-тестілеу жүргізу алгоритмін түсіндірді.

Қатысушыларға тестілеу алдындағы және кейінгі кеңес беру тәртібі, биологиялық материалды алу ережелері, нәтижелерді дұрыс интерпретациялау, қауіпсіздік техникасын сақтау және оң нәтиже анықталған жағдайда әрекет ету алгоритмі бойынша практикалық түсіндірме берілді. Оқыту барысында мамандар өз дағдыларын жетілдіріп, тәжірибелік сұрақтарға жауап алды.

№125 мектепте жастарға арналған АИТВ жөніндегі ақпараттық кездесу ұйымдастырылды

Жамбыл облыстық ЖИТС-тің алдын алу және онымен күрес жүргізу орталығының психолог маманы М.Бегманова Тараз қаласы Абай даңғылында орналасқан №125 білім ордасының жоғары сынып оқушыларына арналған қазақ және орыс тілдерінде ақпараттық дәріс өткізді.
Кездесу барысында мамандар Қазақстан Республикасындағы және Жамбыл облысындағы АИТВ инфекциясының ағымдағы эпидемиологиялық жағдайына тоқталып, өңірде атқарылып жатқан алдын алу шаралары мен тұрақты ақпараттық жұмыстардың маңыздылығын түсіндірді.
Дәріс барысында АИТВ инфекциясының, жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың (ЖЖБИ) және басқа да жұқпалы аурулардың алдын алу жолдары, қауіпсіз мінез-құлық қағидалары, сондай-ақ салауатты өмір салтын ұстанудың маңызы туралы кең көлемде ақпарат берілді. Сонымен қатар, тақырыпты нақтылай түсу мақсатында танымдық бейнеролик көрсетіліп, оқушылардың белсенділігін арттыру үшін тақырыпқа сай ойын ойнатылды.
Оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандар тарапынан жан-жақты әрі кәсіби жауаптар алды.
Іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында денсаулыққа жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ стигма мен кемсітушіліктің алдын алу болып табылады.

АИТВ/ЖИТС мәселелері бойынша үш күндік семинар ұйымдастырылды

Байзақ ауданының Орталық аудандық емханасында «Қазақстан Республикасындағы және Жамбыл облысындағы АИТВ/ЖИТС бойынша эпидемиологиялық жағдай. Нормативтік-құқықтық актілер. Халықты АИТВ-инфекциясына скринингтен өткізу және профилактика» тақырыбында семинар өтті.
Іс-шараның мақсаты – медицина қызметкерлерін өңірдегі АИТВ-инфекциясының эпидемиологиялық ахуалымен, қолданыстағы нормативтік-құқықтық құжаттармен, АИТВ-ға тексерілуге жататын контингенттерді тестілеу тәртібімен және алдын алу шараларымен таныстыру.
Семинар барысында жүкті әйелдер мен олардың серіктестерін тексеру, қатынасқа дейінгі және қатынастан кейінгі профилактика, анадан балаға АИТВ-инфекциясының берілуінің алдын алу, сондай-ақ стигма мен кемсітушілікке жол бермеу мәселелері қарастырылды.
Семинарды Жамбыл облыстық ЖИТС орталығының мамандары: эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің дәрігер-эпидемиологы Д.Е.Абдраманова және емдеу бөлімінің дәрігер-инфекционисі С.Д.Токбураева жүргізді. Қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алып, тәжірибелік ұсыныстармен алмасты.

«ТАРАЗСКИЙ САХАРНЫЙ ЗАВОД» ЖШС-де АИТВ инфекциясының алдын алу бойынша профилактикалық іс-шара өткізілді

Жамбыл облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу және онымен күрес жүргізу орталығының эпидемиолог дәрігері С. Дулатбаева мобильді тобымен бірге «ТАРАЗСКИЙ САХАРНЫЙ ЗАВОД» ЖШС жұмысшыларына арналған ақпараттық-профилактикалық іс-шара өткізді.
Аталған іс-шара барысында эпидемиолог дәрігері С. Дулатбаева мен психолог маманы Г. Шамурзаева АИТВ инфекциясының алдын алу бойынша кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Қатысушыларға АИТВ/ЖИТС бойынша әлемдегі, Қазақстан Республикасындағы және Жамбыл облысындағы эпидемиологиялық жағдай, жұғу жолдары, алдын алу шаралары және инфекцияның адам денсаулығына әсері туралы жан-жақты ақпарат берілді. Сонымен қатар, жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың (ЖЖБИ), В және С вирусты гепатиттерінің алдын алу жолдары түсіндіріліп, ақпараттық бүктемелер таратылды.
Аталған кәсіпорында ЖИТС орталығының медбикелері жұмысшылардан ИФТ әдісімен тегін қан алу жұмыстарын жүргізді.
Аталған алдын алу және скринингтік іс-шаралар алдағы уақытта облыс аумағындағы барлық ірі мекемелер мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерде кезең-кезеңімен жалғасын табатын болады.

Жамбыл облыстық ЖИТС орталығында семинар-кеңес өтті

Жамбыл облыстық ЖИТС орталығының мәжіліс залында облыстық, қалалық және аудандық емдеу-алдын алу ұйымдарының ЖИТС және реципиенттерге жауапты медициналық қызметкерлерінің, дәрігер-трансфузиологтардың, сондай-ақ орта буын медицина қызметкерлерінің қатысуымен семинар-кеңес ұйымдастырылды.
Іс-шараның тақырыбы:
«Гемотрансфузия және трансплантация алған реципиенттерді стационарлық медициналық ұйымдарда АИТВ-инфекциясына міндетті құпия медициналық зерттеп-қарау тәртібі»
Семинардың мақсаты – гемотрансфузия және ағзалар, тіндер, бағаналы жасушалар мен өзге де биоматериалдар трансплантациясынан кейінгі реципиенттерді АИТВ-инфекциясына тексеру тәртібін түсіндіру, нормативтік-құқықтық құжаттар талаптарын талқылау және мониторинг нәтижелерін саралау.
Жамбыл облыстық ЖИТС орталығы бас дәрігерінің орынбасары Г. А.Қалметова ашып, күн тәртібімен таныстырды.
2025 жылғы Жамбыл облысындағы АИТВ-инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай және халықты тестілеумен қамту көрсеткіштері туралы эпидемиолог дәрігер И.И. Дегтерева баяндама жасады.
ҚР ДСМ-нің тиісті бұйрықтарына сәйкес трансплантация және гемотрансфузиядан кейін реципиенттерді АИТВ-инфекциясына тексеру тәртібі туралы эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің меңгерушісі Г.Т. Ахметова түсіндірді.
Сондай-ақ, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Тараз қаласы мен облыс аудандарындағы медициналық ұйымдарда жүргізілген мониторинг нәтижелері ұсынылды.
2024 жыл қорытындысы бойынша реципиенттерді АИТВ-инфекциясына тексеруде анықталған кемшіліктерге талдау жасалып, жауапты медициналық статистик Е.Н. Әлімбетов баяндады.
Семинар соңында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, алдағы уақытта жұмысты жетілдіру бағыттары талқыланды.

«ҚАЗФОСФАТ» ЖШС-де АИТВ инфекциясының алдын алу бойынша кешенді іс-шара өтті

Жамбыл облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу және онымен күрес жүргізу орталығының эпидемиолог дәрігері С. Дулатбаева мобильді тобымен бірге «ҚАЗФОСФАТ» ЖШС фосфор өндіруші өнеркәсібінің жұмысшыларына арналған ақпараттық-профилактикалық іс-шара өткізді.
Іс-шара барысында қатысушыларға АИТВ/ЖИТС бойынша әлемдегі, Қазақстан Республикасындағы және Жамбыл облысындағы эпидемиологиялық жағдай, жұғу жолдары, алдын алу шаралары және инфекцияның адам денсаулығына әсері туралы кең көлемде ақпарат берілді. Сонымен қатар, жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың (ЖЖБИ), В және С вирусты гепатиттерінің алдын алу жолдары жан-жақты түсіндіріліп, ақпараттық бүктемелер таратылды.
Аталған кәсіпорында бір апта көлемінде ЖИТС орталығының мамандары жұмысшылардан ИФТ әдісімен тегін қан алу жұмыстарын жүргізді. Бұл профилактикалық іс-шараны ұйымдастыруға қолдау көрсетіп, келісім берген «ҚАЗФОСФАТ» ЖШС басшылығына бірлесіп атқарылған жұмыстар үшін алғыс білдіріледі.
Айта кету керек, мұндай алдын алу және скринингтік іс-шаралар алдағы уақытта облыс аумағындағы барлық ірі мекемелер мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерде кезең-кезеңімен жалғасын табатын болады.

АИТВ мен ЖЖБИ-дің алдын алу бойынша студенттермен кездесу

Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің орыс факультетінің студенттеріне арналған профилактикалық ақпараттық дәріс өтті.
Кездесуге Жамбыл облыстық ЖИТС-тің алдын алу және онымен күрес жүргізу орталығының психолог маманы Г. Шамурзаева қатысып, дәрісті орыс тілінде жүргізді.
Дәріс барысында АИТВ инфекциясының алдын алу, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар (ЖЖБИ), қауіпсіз мінез-құлық қағидалары және салауатты өмір салтын ұстанудың маңызы туралы пайдалы ақпарат берілді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы мен Жамбыл облысындағы эпидемиологиялық ахуалға шолу жасалды.
Студенттер сұрақ-жауап форматындағы танымдық ойындарға белсенді қатысып, өздерін қызықтырған сауалдарға нақты жауаптар алды.
Сонымен қатар орталықтың мейірбикесі А. Кокибаева ақпараттық бүктемелер таратып, қосымша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Кездесу мазмұнды әрі танымдық форматта өтіп, студенттердің жоғары қызығушылығын тудырды.

Студенттерге профилактикалық ақпараттық дәріс өткізілді

Жамбыл политехникалық жоғары колледжі қазақ факультетінің студенттеріне арналған ақпараттық дәріс өтті.
Кездесуге Жамбыл облыстық ЖИТС-тің алдын алу және онымен күрес жүргізу орталығының психолог маманы М. Бегманова қатысты.
Дәріс барысында АИТВ инфекциясының алдын алу, ЖЖБИ, қауіпсіз мінез-құлық қағидалары және салауатты өмір салтын ұстанудың маңызы туралы пайдалы ақпарат берілді. Сондай-ақ Қазақстан мен Жамбыл облысындағы эпидемиологиялық ахуалға шолу жасалды.
Студенттер сұрақ-жауап форматындағы танымдық ойындарға белсенді қатысып, өздерін қызықтырған сауалдарға нақты жауаптар алды.
Сонымен қатар орталық медбикесі А.Кокибаева ақпараттық бүктемелер таратып, қосымша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Кездесу мазмұнды әрі танымдық форматта өтіп, студенттердің жоғары қызығушылығын тудырды.