
Жамбыл ауданы Құмтиын ауылында орналасқан №2 орта мектептің жоғары сынып оқушыларына арналған ақпараттық дәріс өтті. Іс-шараға Жамбыл облыстық ЖИТС-тің алдын алу және онымен күрес жүргізу орталығының психолог маманы М. Бегманова қатысты.
Кездесу барысында маман Қазақстан Республикасындағы және Жамбыл облысындағы АИТВ инфекциясының қазіргі эпидемиологиялық ахуалына тоқталып, өңірде жүзеге асырылып жатқан алдын алу шаралары мен тұрақты ақпараттық жұмыстың маңыздылығын түсіндірді.
Дәріс аясында АИТВ инфекциясының, жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың (ЖЖБИ) және басқа да жұқпалы аурулардың алдын алу жолдары, қауіпсіз мінез-құлық қағидалары, сондай-ақ салауатты өмір салтын ұстанудың маңызы кеңінен қамтылды.
Дәрістен кейін жоғары сынып оқушыларымен сұрақ-жауап форматындағы танымдық ойындар өткізілді. Ойын барысында АИТВ инфекциясының жұғу жолдары мен жұқпайтын жағдайлары нақты мысалдар арқылы түсіндіріліп, оқушылардың білім деңгейі пысықталды. Қатысушылар белсенділік танытып, өз ойларын ашық білдіріп, мамандарға сауалдар жолдады.
Сонымен қатар, ЖИТС орталығының мейірбикесі А. Кокибаева оқушыларға ақпараттық бүктемелер таратып, қосымша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Кездесу соңында жоғары сынып оқушылары өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан жан-жақты әрі кәсіби жауаптар алды.








